Негізгі Жаңалықтар Өз алаңындағы сәтсіздік

Өз алаңындағы сәтсіздік

Қазақстан футбол чемпионатының ойындары ұзақ үзілістен кейін қайта жалғасты. Премьер-лигадағы орнын сақтап қалу үшін күресіп жатқан «Ертіс» өз алаңында басты бәсекелесі петропавлдық «Қызыл-Жарды» қабылдады.


Ойынның 6-минутында қонақтар есеп ашуға мүмкіндік алды. Алайда Йоханнес Бьорталид павлодарлық клубтың қақпашысынан аса алмады.


Дегенмен, үш минуттан кейін Айбол Әбікеннің соққысынан соң Мирас Рихард допты қабылдау кезінде қателік жіберді.


Павлодарлықтар қонақтар қақпасына қауіп төндіруге қанша тырысқанымен, олардың әрекеттерінен нәтиже шықпады.


68-минутта Йоханнес Бьорталид тағы бір мүмкіндікті пайдалана алмады. Оның соққысын «Ертіс» қақпашысы тағы да қайтарды.


Алайда төрт минуттан кейін төреші осы эпизодта ереженің бұзылғанын анықтап, алаң иелерінің қақпасына пенальти белгіледі. Он бір метрлік айып добын Лиридон Латифи мүлтіксіз орындады.


84-минутта «Қызыл-Жардың» албаниялық ойыншысы дубль жасауға мүмкіндік алды. Бірақ қақпашымен бетпе-бет шыққанымен қақпашыдан айласын асыра алмады.


Арада екі минут өткенде «Ертісті» сәттілік құтқарып қалды. Эдгард Бугре оңтайлы позициядан қақпаға дәл соққы жасай алмады.


Қосымша уақыттың үшінші минутында павлодарлық клубтың жапониялық жартылай қорғаушысы Юши Шимамура гол соғуға мүмкіндік алғанымен, уақыт жетпеді. Солтүстікқазақстандықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті.


Ерлан Шойтымов, «Ертіс» ФК бас бапкері:


«Ойынға келер болсақ, күрес тең дәрежеде өтті деп ойлаймын. Тіпті, біздің басымдығымыз да болды. Бірақ жекелеген қателіктер голға әкелді, ал екінші допты пенальтиден жіберіп алдық. Екі апта бойы дайындалып, осы ойынға бар күшімізді салдық. Дегенмен, қарсылас бізді сәл айласымен ұтты».


Маусымдағы 12-жеңілісінен кейін павлодарлық клуб турнирлік кестеде 13-орынға төмендеді. Төменгі лигаға түсіп қалудың қауіпті шегіне жетті. 14 қазан, сәрсенбі күні, кейінге шегерілген 18-тур аясында «Ертіс» өз алаңында «Астананы» қабылдайды.


Мурат Әбілмәжит

Бөлісу