Бақытжан Қанапияновтың мерейтойы аталып өтті
Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада ақын, жазушы, аудармашы, баспагер Бақытжан Қанапияновтың қатысуымен шығармашылық кездесу өтті. Іс-шара қаламгердің жетпіс бес жылдық мерейтойына орайластырылды. Толығырақ әріптесім жалғастырады.
Қазақтың белгілі қаламгері Бақытжан Қанапияновтың шығармашылық әлемі әдебиеттің түрлі бағытын қамтиды. Дегенмен оның әрбір туындысынан мәнін жоғалтпайтын мәңгілік құндылықтар мен адамгершілік мұраттарды көруге болады. Жақында 75 жылдық мерейтойын атап өткен қаламгер өңірімізге келіп, арнайы ұйымдастырылған іс-шараның қадірлі қонағы болды. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова өңір басшысының құттықтау хаты мен сыйлығын салтанатты түрде табыс етті.
Кештің басты тақырыбы қаламгердің әдеби мұрасы болды. Бұл ретте жетекшілерінің қолдауымен ғылыми жоба әзірлеген оқушылар жазушымен жүздесіп, арнайы дайындаған сыйлықтарын тарту етті. Сонымен қатар мерейтой иесін құттықтауға зиялы қауым өкілдері мен қаламгердің туыстары жиналды. Олар да жылы лебіздерін білдірді.
Жүздесу барысында Бақытжан Қанапиянов өлеңдерінен үзінді оқып берді.
Бақытжан Қанапиянов, ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағының хатшысы
Іс-шара барысында автор көпшілікке «Айдың арғы беті…» деп аталатын жаңа кітабын таныстырды. Туынды Мұрат Әуезовтің рухына арналып, мұнда естеліктер мен терең рухани сабақтастық жайындағы сырлы ой-толғамдар топтастырылған. Ал әсерлі кештің соңында жиналған қауым сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Жұлдыз Қабылденова