Экологиялық марафон өтті
Қала тазалығына үлес қосып, салауатты өмір салтын насихаттау. Павлодарда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында экологиялық марафон өтті. Қатысушылар әдеттегі жүгіруден өзгеше форматта сынға түсіп, белгіленген уақыт ішінде мүмкіндігінше көп қоқыс жинауға тырысты. Толығырақ алдағы сюжетте.
Жасыл ел жастар еңбек жасақтарының облыстық штабы ұйымдастырған «Плоггинг жасыл кросс» марафоны Усолка шағын ауданында өтті. Плоггинг – жүгіру мен қоқыс жинауды ұштастыратын экологиялық қозғалыс. Шараға 20 команда, жалпы саны 100-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, спортшылар мен белсенді жастар бар.
Арина Краскова, «JASYL EL» Павлодар облыстық штабының басшысы
Плоггинг форматындағы экологиялық марафон қоршаған ортаны қорғау мен көңілді демалысты қатар қамтиды. Қатысушылар қоқыс жинап қана қоймай, түрлі ойындар мен интерактивті шараларға қатыса алады. Марафон басталар алдында олар денені қыздыру жаттығуларын жасайды. Одан кейін белгіленген уақыт ішінде жүгіріп жүріп, мүмкіндігінше көп қоқыс жинауы керек. Осылайша, экологиялық еріктілікке қызығушылықты арттырып, пайдалы істі белсенді демалыспен ұштастырамыз.
Марафонға қатысқан жастар үшін бұл – қаланың тазалығына үлес қосып, табиғатқа жанашырлық танытудың мүмкіндігі. Әр команда уақытпен санаса отырып, белгіленген аумақты қоқыстан тазартуға күш салды. Қатысушылардың бірі мұндай бастамалардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрететінін айтады.
Аяулым Болат, студент
Мен бұл акцияға өз үлесімді қосу үшін келдім. Бұл марафонның бастамасы өте керемет. Менің ойымша өте қызықты әрі көңілді өтетін сияқты. Бұл менің бірінші акциям. Осындай акциялар жиі өтсе, жақсы болар еді. Өйткені әр адам экологияға үлесін қосу керек.
Қатысушылар жинаған қоқыс көлемі есепке алынып, үздік командалар анықталады. Жарты сағатқа созылатын жарыста ең көп қоқыс жинаған команда жеңімпаз атанып, кубок пен сыйлықтарға ие болады. Экологиялық марафон жастарды ортақ іске жұмылдырып қана қоймай, қала тазалығына әр адамның жауапты екенін тағы бір мәрте еске салды.
Сабина Жолдаспаева