Негізгі Жаңалықтар Астанада халықаралық медиа апталығы басталды

Астанада халықаралық медиа апталығы басталды

Жасанды интеллект журналистика саласына қалай әсер етеді? Цифрлық дәуірде ақпаратқа деген сенімді қалай сақтауға болады? Бұл мәселелер Астанада өтіп жатқан халықаралық медиа апталықта талқылануда. 14 қазанда елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Astana Media Week 2026 халықаралық медиа апталығы басталды. Биыл дәстүрлі шара оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Жиын 16 қазанға дейін жалғасады.


Биылғы медиа апталықтың тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы». Іс-шараға отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистер, медиа саласының басшылары, мемлекеттік органдар мен технологиялық компаниялардың мамандары қатысуда. Олар ақпарат таратудағы жаңа тәсілдерді, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін және медиа саласының даму бағыттарын талқылайды. Үш күндік кездесудің негізгі бағыттарының бірі – жасанды интеллектіні журналистикада қолдану.


Эльвира Жүргенбаева, ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі ақпарат комитеті төрағасының орынбасары


Бұл ЖИ күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп отыр. Тақырып өте маңызды. Шынымен де халықаралық деңгейде талқыланатын тақырып. Өйткені әр елде бұл ЖИ әрқалай қарап отыр, бірақ біздің елімізде мемлекет басшысының қолдауымен бұл тақырып мемлекеттік деңгейде барлық салаға енгізіліп отыр. Өте тез әрі тиімді енгізіліп отыр. Біздің барлық алып отырған қызметтеріміздің бәрі осы ЖИ арқылы.


Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздік, ақпараттық контент әзірлеу және аудитория сенімін сақтау мәселелеріне назар аударылады. Қатысушылар тәжірибе алмасып, заманауи технологиялардың ақпарат құралдарының жұмысына ықпалын саралайды. Медиа апталық мамандардың өзара байланысын нығайтып, жаңа идеялар мен кәсіби бастамаларды талқылауға мүмкіндік береді. Шара Қазақстанның медиа кеңістігін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.


Сабина Жолдаспаева

Бөлісу