Железин ауданында музыкалық фестиваль өтті
Железин ауданында вокалдық-аспаптық ансамбльдер арасында облыстық музыкалық фестиваль өтті. Байқау қорытындысы бойынша үздіктер ақшалай сыйлықтарға ие болды. Толығырақ тілші материалында.
Музыкалық фестивальге облыстың бірнеше ауданынан бес вокалдық-аспаптық топ қатысты. Олар жанды орындау, вокалдық шеберлік пен музыкалық үйлесім бойынша өзара бақ сынады. Әр ұжым көрерменге өзіндік орындау мәнері мен шығармашылық ізденісін танытуға тырысты.
Иса Тәңірбергенов, ұйымдастырушы
Бас гитара мен дауылпазда ойнайтын музыкалық топтардың саны әзірге аз. Сондықтан осындай фестивальдің ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз. Қазіргі таңда Тереңкөл және Железин аудандарында жас орындаушылар сахнаға шығып, өнер көрсетіп жүр. Облыс көлемінде әзірге бес топ қатысуға ниет білдірді. Алдағы уақытта қатысушылар қатары артып, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнайтын ұжымдар көбейеді деген сенімдеміз.
Қатысушылардың өнерін облыс орталығынан арнайы келген кәсіби ансамбльдердің орындаушылары саралады. Қазылар алқасы музыкалық туындылардың орындалу сапасына, вокалдық мүмкіндіктерге және сахналық шеберлікке назар аударды.
Ермек Хабай, қатысушы
Бізде қазір топта жалпы жастар көбінесе. Бүгін осы ауданға келдік. Өте күшті қарсы алды. Қонақжайлығы деген сөзбен айтып жеткізе алмаймын
Байқау қорытындысы бойынша үшінші орын Ертіс ауданының ұжымына бұйырды. Екінші орынды Железин ауданының өкілдері иеленсе, бас жүлде Тереңкөл ауданының командасына табысталды. Жеңімпаздарға тиісінше 50 мың, 100 мың және 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық берілді.
Байтұрсын Жұмабай