Негізгі Жаңалықтар Павлодарда оқушыдан өкпе туберкулезі анықталды

Павлодарда оқушыдан өкпе туберкулезі анықталды

Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №3 гимназия оқушысынан туберкулез дерті анықталып, онымен байланысты болған бірнеше адам дәрігерлердің бақылауына алынды. Мамандар инфекцияның таралуына жол бермеу үшін қажетті эпидемияға қарсы шараларды қолға алған. Жағдай бақылауда. 


Гимназия әкімшілігінің хабарлауынша, оқушыдан туберкулезге күдік бар екені туралы ақпарат 7 қазанда түскен. Кәмелетке толмаған бала облыстық фтизиопульмонология орталығына жатқызылып, қазір медициналық көмек алып жатыр. Туберкулезге шалдыққан оқушының үйінде және білім алатын мектебінде эпидемиологиялық тексеру жүргізілген. 

Гуля Альменова, Павлодар қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары

Бізге Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде өкпе туберкулезінің тіркелуіне байланысты шұғыл хабарлама келіп түсті. Дезинфекциялық қызмет мамандары екі жерде де қорытынды дезинфекция жүргізді. Қазір оқушымен байланыста болған адамдар анықталып, оларды медициналық тексеруден өткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдай санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің бақылауында. Эпидемиологиялық тексеру әлі де жүргізілуде. Мектепті карантинге жабуға негіз жоқ.

Білім беру ұйымында да алдын алу шаралары күшейтілді. Сынып оқушыларына Манту сынамасы жүргізілді. Оқу кабинеттері мен ортақ пайдаланылатын орындар дезинфекцияланды. Сонымен қатар белгіленген мерзімі өткен қызметкерлер флюорографиялық тексеруден өтеді. Мектепте ылғалды тазалау және бөлмелерді желдету жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Профилактикалық шаралар жалғасуда. 


Сабина Жолдаспаева 


Бөлісу