Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік қолдау

Мемлекеттік қолдау

Биыл Железин ауданында кәсіпкерлерді қолдауға арналған 10 мемлекеттік грант бөлінді. Грант көлемі қанша және қандай мақсаттарға беріледі? Толығырақ келесі материалда.


Железинка ауылының тұрғыны Майра Әменова жұбайы Қанатпен бірге жергілікті Мансап орталығына жүгінген. Мамандар оларға өз кәсібін ашу үшін 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде грант алуға кеңес берген. Осы қаражатқа олар өнеркәсіптік астық ұнтақтағыш сатып алған.


Майра Әменова, кәсіпкер


Жұбайым екеуміз жобамызды сәтті жүзеге асырып жатырмыз. Тұрғындарға астық ұнтақтау қызметін көрсетеміз. Мал мен құсқа арналған түрлі жем қоспаларын дайындаймыз. Бұрын да осы кәсіппен айналысқанбыз. Бірақ бес жылдай жұмыс істемедік. Енді қайта қолға алып жатырмыз.


Қанат Әменов, кәсіпкер


Бұл кәсіп бізге жақсы таныс. Бұрын 20 жылдан астам уақыт осы іспен айналыстық. Кезінде құрама жем өндіретін цехымыз болған. Енді қайтадан мүмкіндік туды. Грант алу үшін өтініш бердік. Екеуміз де мүгедектігі бар адамдар болғандықтан, бізге басымдық берілді. Комиссия отырысы өтті. Грант иегерлерінің қатарындамыз.


Денсаулығына байланысты Әменовтер кәсібін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Алайда ауылдастарының қайта-қайта өтініш білдіруінен кейін олар бұл істі қайта қолға алуды ұйғарған.


Қанат Әменов, кәсіпкер


Біздің ауданда мұндай қызмет көрсететін орын жоқ. Ал тұрғындарға бұл қажет. Бұл құрылғы астықты ұнтақтап, құсқа, ірі қара мал мен жылқыға берілетін жемді дайындайды. Астықты майдалайды. Әртүрлі қоспалар дайындап, кейде оған дәрумендер қосамыз. Тұрғындар астықты өздері әкелсе де ұнтақтап береміз.


Железин ауданында кәсіпкерліктен бөлек тұрғындарға жұмысқа орналасуға да жәрдемдеседі.


Владислав Чуприков, Железин аудандық мансап орталығының маманы


Бізде 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі «Қайтарымсыз мемлекеттік грант» бағдарламасы бар. Грант халықтың әлеуметтік осал топтарына, соның ішінде барлық топтағы мүгедектігі бар азаматтарға беріледі. Грант қаражатына мал сатып алуға да болады. Сондай-ақ өзге де кәсіп түрлеріне қажетті құралдар алуға болады.


Ауданда биыл осындай 10 грант бөлінген.


Мурат Әбілмажит

Бөлісу