Көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұрбаймен кездесу өтті
Павлодарда саналы ғұмырын ұлт руханиятына, Алаш мұрасын зерттеуге арнаған көрнекті ғалым, қарымды қаламгер Тұрсын Жұрбаймен “Бесігіңді аяла” атты кездесу өтті. Толығырақ тілшіміз тарқатады.
Ол төл тарихымыздың талай жылдар бойы бұрмаланып, көмескіленіп келген ақтаңдақ тұстарын зерделеп, ұлттың өткенін тануға, тарихи шындықты қалпына келтіруге айрықша үлес қосты. Оның зерттеулері ұлттық ой-санаға тың серпін беріп, азаттық идеясын бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіре түскен ғалым.
Айтмұхамбет Тұрышев, филология ғылымдарының докторы, профессор
Тұрсын Жұртбай ұғымға айналды, өзі айтып тұр. Өзі мектепте оқып жүргеннен бастап, шығармаларын жазды. Сол кездің өзіңде Алаштың иісі аңқып тұратын. Өзі бала болып жүріп, оның басына Алаштың идеясы қалай келді деген сұрақ мені толғандырды. Содан оның бүкіл шығармаларын, мақалаларын қарап шықтым. Қарасам бүкіл идея сол ортада өскеннен, Абайдан, Шәкәрім, Құнанбайдан. Сол қилы замандағы оқиғаларды естіп, сол кездегі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтарды білген.
Қаламгер жастармен жүздесіп, Алаш қайраткерлерінің мұрасы, архив құжаттары және Абай шығармаларындағы тарихи шындық туралы ой бөлісті. Көркем әдебиеттегі кейіпкерлердің бейнесі мен тарихи тұлғалардың шынайы болмысын ажырата білу қажеттігін атап өтті.
Тұрсын Жұртбай, жазушы, ғалым
Бұл өңір ұлылардың мекені. Менің есебімше, тек қана Баянауылдан 15-25 академик шыққан. Соның барлығының негізін қалаған Абайдың ұстазы – Кәмәлиден хазірет. Мәшһүр Жүсіп атамыз жазады: «Кәмәлиді молда көріп, әкем соған беріп, содан ғылым алдым» дейді. Бір естеріңде болсын: «Кереку» деген сөз 9 ғасырда сөздікте болған «кереге» деген сөз. Ана Тұздыкөлдің басына кереге тігіп, сол жерде ендіретін болған. Сол жер тарихта «Керегу» деп жазылыпты. Сондықтан да керегелерін кең, шаңырақтарын биік, ұлыстарын ұялы болсын.
Жазушының ашық та ащы пікірі, саралы да сүрелі ойлары, кездесуге келген көпшіліктің көкейіне қонып, көңілге түйерлік тағылым қалдырды.
Аллаберген Аманбек, студент
Тарихи сәт десем болады. Бұған дейін де талай ақын-жазушылар келген. Бұл жаңа қырыннан ерекше бір кездесу. Өйткені, Абайтанушы . Қаншама ақындардың тарихын, кешегі алашдықтардың траихын арқалап келуші тарихи тұлға деп есептеймін.
Университет қабырғасында бұған дейін де ақын-жазушылар, айтыскерлермен жүздесулер ұйымдастырылған. Мұндай басқосулар білім алушылардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді.
Қымбат Садық