Ана – өмірдің шырағы
Ертіс ауданының Панфилов ауданында «Нұр-ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығы аталып өтті. Мереке тоғыз ауылдан келген ардақты аналар мен ақ жаулықты әжелердің басын қосты. Кеш бағдарламасы қолөнер шеберлерінің көрмесі, шығармашылық байқау, концерт, сондай-ақ марапаттау рәсімін қамтыды.
Мерекелік көңіл күй кіреберістегі көріністен-ақ басталады. Мұнда жергілікті қолөнершілердің туындылары қатар тізілген. Әрбір туынды – қажырлы еңбек пен шексіз қиялдың жемісі. Ата-бабадан мирас болып қалған өнер мен ұлттық мәдениетке деген құрмет осында сақталған. Ал бұл әсем көріністің астарында отыз жылдан аса тарих жатыр. Бірлестік жұмысын 1991 жылы бастап, әйелдер қауымының басын біріктіріп, ұлттық мұра мен асыл құндылықтарды сақтап қалуды мақсат еткен.
Бірлестік мүшелері аудан тұрғындарымен тығыз байланыс орнатқан. Олар үшін кездесулер, дөңгелек үстелдер мен байқаулар сынды түрлі іс-шара ұйымдастырылып тұрады. Бұл жолы да тоғыз ауылдың қолөнершілерінің арасында байқау өтті.
Ақ жаулықты аналардың қоғам дамуына қосып жатқан үлесін аудан әкімі жоғары бағалады. Мерейтой иелерін арнайы құттықтай келген ол ақжарма тілегін білдірді.
Кейін марапаттау рәсіміне кезек берілді. Белсенді азаматтық ұстанымы мен көп жылғы еңбегі үшін бірлестіктің белсенді мүшелері құрметке бөленді.
Думанды кеш концертке ұласты. Осылайша, аудандық «Нұр-ана әлемі» бірлестігі кезекті бір белесін атап өтті. Дегенмен ұйымның жұмысы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Оларды алда әлі талай бастама мен жаңа жетістіктер күтіп тұр.
Жұлдыз Қабыленова