Қазақ халқы «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп өмірге келер сәбиді асыға күткен. Ата баба дәстүрімен жалғасып келе жатқан бұл асыл мұра әр шаңырақтың төрінде орын алады. «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің мүшелері кішкентай бүлдіршінді қазақи дәстүрмен бесікке бөлеп, жас ұрпаққа тағылымды дәстүрдің тарихынан сыр шертті.


Бесікке бөлеу рәсімін ауылдың қадірменді анасына немесе ақ жаулықты әжесіне құрметпен тапсырған. Бесікке салушы бесіктің барлық жабдықтарын орын-орнына қойғаннан кейін, шашуға әкелген құрт, май, бауырсақты уыстап алып бесіктің түбек байлайтын тесігінен төмен өткізіп, бесік астынан қолын тосқандарға тартады. Бұл дәстүр тыштырма деп аталады. Тыштырма үйлестіріп болған соң бесікті отпен аластайды. Сәбиді бесікке бөлемес бұрын отпен аластап, тіл көзден сақтасын деп тілек айтылады. Бесік – жаңа дүниеге келген бала үшін қасиетті мүлік. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ халқының ең қастерлі мұраларының бірі. Жиынға жиналған Зередей зерделі ақ жаулықты әжелер қыз баланың дені сау, әдемі, ақылды болсын деп ақ ниеттерін білдірді.

Бақытжамал Елеукенова, «Сағым жылдар» әжелер ансамблінің төрайымы:

Біз бүгін сәбиімізді қырқынан шыққан кейін, қазақтың салт дәстүріменен ел боламын десен, бесігінді түзе деген. Сәби Жәмиламызды бесікке бөледік. Қайыннан, әдемі иілетін қара ағаштардан жасайды. Қара аршадан. Қара аршаға жылан, құрт болмайды. Құрт, құмырсқа, жылан, шаян жүрмесін деп. Қандай жақсы.

Тәрбие тал бесіктен. Қазақ үшін нәрестені бесікке бөлеу ең қастерлі дәстүрінің бірі. Ұлттық мүлік баланың денсаулығы үшін, тәтті, тыныш ұйқысы үшін, тазалығы үшін маңызы зор. «Сағым жалдар» әжелер ансамблінің мүшесі Жәкен апа ата-бабаның дара жолымен немересін бесікке бөлегеніне бақытты.

Жәкен Талипова, Жәмиләнің әжесі:

Менде балаларымды... немеремді бесікке бөледік.

Бүгінгі таңда қазақтың қасиетті бесігін бәрі болмаса да қолданып жүргендері жетерлік. Десе де, заман талабына сай бесіктің де әр түрлі пішіні мен дизайндары жарыққа шыққанын байқамыз. Бастысы, баланың ұйқысы үшін қолданатын ұлттық мұраның жайлы болғаны абзал. Ал, ата-бабалар аманатын арқалаған ақ жаулықты әжелер нәрестені бесікке бөлеудің артықшылығы мол екендігін айтады.


Мөлдір Сағидолла