Қар еріп, көк шығып, Әз наурыз мейрамы да келіп жетті. Қыстан аман шығып, барша халайық төс қағысып, қуанышқа кеңелуде. Бүлдіршіндер де жыл басын асыға күтіп жүр. Облыс орталығында орналасқан №11 балабақша балғындары мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырып, ұлттық мейрамымызды ұлықтады.

Ұлық мерекені балабақшадан атап өтудегі басты мақсат - салт-дәстүрді дәріптеу. Оған қоса мереке аясында бүлдіршіндерге халқымыздың ұлттық аспаптары таныстырылды. Бірлескен салтанатты шараға қаламыздың өлкетану музейінің өкілдері де ат салысты.

Талғат Адамов, Г.Н.Потанин атындағы тарихи өлкетану музейінің маманы:

Бүгін біз бірігіп №11 балабақшамен Наурызға қарсы үлкен шара өткізіп жатырмыз. Негізі қазақ дәстүрлері қазақ тағамдары сол кішкентай балаларға даярлық тобына көрсетуге соған біз бүгін аспаптарды алып келдік. Басқа ұлттар да қазақ дәстүрін білу керек деймін.

Музей қызметкерлері домбыра, қылқобыз, дауылпаз, қобыз жайында кеңінен айтты. Ал балалар болса, келген меймандарға өнерлерін көрсетті.

Сонымен қатар балғындар қолымен жасаған ұлттық нақыштағы заттарын көрмеге қойды. Тәрбиеленушілер асық атып, Қыдыр ата батасын алып, мерекенің шырайын келтірді. Шара көңілді ән мен мың бұралған балалардың биімен жалғасты.

Әйгерім Тоқпанқызы