Бүгін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосынның туған күні. Майталман жазушының 65 жасқа толуына орай облыс әкімдігінің қолдауымен жергілікті қаламгерлер, өнер мен мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен кездесу кеші өтті.

Бұл кеште көңілі қылдан да нәзік қаламгер үшін айтылған жылы лебіздер легі көлдей тасыды. Жастар Сайлау Байбосынның өлеңдері мен әңгімелерін оқыса, қаламдастар жазушы шығармашылығы, өлкетану ісіндегі еңбектері жайлы сыр шертілді.

Сайлау Байбосын Ерейментау-Ертіс-Баян-Семей-Қарағанды өңірінің тарихын, киелі жерлері мен тұлғаларын май шаммен іздеп зерттеуде. Үнемі жоқ іздеп, тарихтың ақтаңдақ беттерін ақтарып жүретін өлке-тұлғатанушы бұған дейін аты аталмай келген Қадыр Тайшықов, Нәсір Ноғаев тәрізді көптеген ұлт тұлғаларын тірілтті. Шорман мен Едіге билердің жатқан жерін тауып, басына ескерткіш орнатып, кесене салдыртты. Бірнеше өлең кітаптарының авторы ең алғашқы өлеңдерін ауылда жылқышы болып жүргенде жазған. Ақынның тұңғыш жыр жинағына Фариза Оңғарсынова алғысөз жазған. Бүгінгі кеште Жүрсін Ерманның қаламгерге арнаған жыры да оқылды.

Мерейтой иесі тарихи-танымдық, әдеби-көркем «Ақбеттау» журналының негізін қалап, 6 жыл бойы киелі өлкенің тарихымен таныстыратын мақалалар легін үзбей шығарып келеді.

Бұл күні Сайлау Байбосынға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалі табысталды. Дегдар тұлғаның композиторлық қыры да бар. Кеше оның «Ереймен аруы», «Сен онда он жетіде» тәрізді лирикалық әндері орындалды.

Гүлсара Мәлікова