Ұлтымыздың асыл мұрасын, әдет ғұрпын айшықтайтын мерекелердің бірі – наурыз. Бәйшешек бүр жарып, төрт түлік мал төлдеген көктем мезгілін қазақ халқы қадыр тұтқан. Наурыз мейрамын да тек бір күн ғана емес, тұтас бір ай тойлаған. Көнеден келе жатқан дәстүріді бүгінгі ұрпақ та моншақтай үзбей келеді.


Наурыз мейрамы қарсаңында өңіріміздің жеке кәсіпкерлері шаһар тұрғындары мен қонақтарына арналған мерекелік шара ұйымдастырды. Жиналған қауымға сақадай тізілген күйшілер домбыра шертіп, мың бұралған бишілер өнерлерін паш етті. Көрермен арасында ұлттық ойындар ойнатылып, кіл мықтылар да анықталды. Мұндай қазақтың шежіреге мол мейрамы арқылы ата-баба дәстүрі жаңғырып, халық арасында кеңінен насихатталары хақ.

Алдамжар Алтынбек, Баянауыл ауданының тұрғыны:

Тілі бір, қаны бір қазақтың ұрпақтары немен ерекшеленеді. Ата салт дәстүрімен, тілімен ерекшеленеді. Ұлттық өнерімен, мәдениетімен ерекшеленеді. Ұлттық әдебиетімен ерекшеленеді. Мұндай шараны бастауы деп түсінемін.

Наурыз бірлік пен береке, жақсылық жарыса жасалатын ұлы мейрам. Бұл күні ұйымдастырушалар меймандарға арнап ұлттық тағамдарды тегін ұсынды. Құрт, жент, талқан мен қатар тәтті сыйлықтарды да табыстады.

Аида Бекетанова, жеке кәсіпкер:

Наурыз мерекесі қарсаңында осы Павлодар қаласының тұрғындарына осындай дәмді торттарымызды тегін таратудамыз. Дәмін татсын, көрсін деп. Осы Павлодар қаласының тұрғындарын наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Әр жанұяға береке, бірлік, шаттық тілейміз.

Наурыз мейрамының пайда болуының тамыры тереңде. Бүгінде қазақстандықтар көктемнің ұлық мейрамын 10 күн қатар тойлайды. Әр күннің тарихы бар. Мұндай шараны өткізуге ұйытқы болған жандардың басты мақсаты да осы.

Ренат Кәрібай, жеке кәсіпкер:

Наурыздың мағынасы өте керемет. Адамдар бір-біріне жылулық, мейрім сыйлайды. 14-і басталады 22-не дейін 8 күн бойы әр түрлі іс-әрекеттер жасалады. Жақсы адамдарды бір-біріне жақындаттыратын. Сондықтан бұл өте керемет мереке деп ойлаймын. Төл мерекеміз болғандықтан бұл мерекені осылай көтеріп, ұлықтап тойлау біздің міндетіміз.

Мерекені тойлауға келген көпшіліктің көңілі көтеріңкі. Әсіресе оны балалардың риясыз жүзінен аңғаруға болды. Ал кейбір қонақтар үшін мұндай мереке тіпті тосыңнан болды.

Мерекелік шарада жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, әдеп ғұрып, салт дәстүр көрініс тапты. Осылайша жиналған қауым ұлыстың ұлы күні қарсаныңда мейрамды сән салтанатымен атап өтті.

Мөлдір Сағидолла