• Павлодар облысында 100-ден астам бас мал қырылып қалды. Тұрғындардың айтуынша, қойға қасқыр шапқан. Қорадағы қойды тамақтан бауыздап, ішек қарнын жарып кетіпті. Амалы таусылған тұрғындар енді кімнен көмек сұрарын білмей дал болып отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз сабақтасын.

Оқиға Ақсу қаласына қарасты Үштерек ауылында болған. Түнде қорадағы қой, ешкіге белгісіз жыртқыштар шауып, қырып кеткен. Әзірге оның не қасқыр не ит екені белгісіз.

Қалимолда Қойтанұлы, Үштерек ауылының тұрғыны:

Түнгі сағат он екіде тұрып қарағанда дін аман болатын. Одан кейін көзім ілініп кеткен екен. Ояна келсем төрт екен. Шығып араласам, талқандап баяғыда етіп қалыпты. Енді бұл не ит екенін не қасқыр екенін білмейміз.

Мақсатхан Жекебай, Үштерек ауылының тұрғыны:

Адамдардың күн көріп отырғаны осы екінші малы ғана ғой. Енді малын екі үші күн сайын қыра беретін болса, қандай жағдай туындайды. Өзі қазір заман қиын. Әлеуметтік жағдай деген төмендеп жатыр. Ауыл жерде жұмыс шаруа жоқ. Өлтірген малдың өтемақысын халыққа азын аулақ болса да көмегін жасау керек.

Тұрғындардың айтуынша, ит құстың малға шабуы бірінші рет емес. Бұдан 10 күн бұрында ауылдағы 35 қойды қырып кеткен. Ауыл халқы белгісіз жыртқыш енді адамдарға шаба ма деп қорқып отыр.

Сайран Изек, Үштерек ауылының тұрғыны:

Малымызды қойып адамымызға шабатындай халге жеттік. Адамымыз қырылғанша қарап отырамыз ба? Әкімшілікке де айтып жатырмыз. Қанша рет айғайлап жатырмыз. Ешкім нетпейді.

Қорасындағы қойынан айырылған ағайын енді не істерін білмей отыр. Құзырлы органдар бұған бір шара қолдануын сұрайды.

Мират Тиқанов, Ақсу қалалық ветеринария бөлімінің басшысы:

Мынау нақты қаңғыбас иттер ме, немесе келген қасқыр ма, біз ол жағын білмейміз. Қазір кісілермен учаскелік полициямен анықтап, сосын айтамы аламыз.

Өлген малдан сынама алынып, сараптамаға жіберілді. Ал мал иелеріне өтемақы төлеу жағы әзірге белгісіз. Ауыл халқы жыртқыш ит құс қайта шаппас үшін, тезарада шара қолдануын сұрайды.

Жанасыл Серікбол