Павлодар облысында 4 жыл қатарынан билер кеңесі жұмысын жүргізіп келеді. Аталмыш құрылым қоғамдағы даулы мәселені бейбіт түрде шешіп, тараптарды татуластыруды көздейді. Әріптесім баяндасын.

Билер кеңесі Павлодар облысында 2019 жылы іске кірісті. Бүгінде аталған құрылым қоғамды татулыққа шақырып, сот жүйесін жетілдіру жолында бірқатар оңды жұмыс атқарып келеді. Билер кеңесімен 4 жыл ішінде 6850 іс қаралды. Оның 129 еңбек даулары, 1841 отбасылық мәселе болса, 4880 іс басқа да мәселелер. Бір ай ішінде 40 жуық іс түседі. Статистикаға сүйенсек, дауыл түйткілдердің 70 пайызы тараптардың ортақ мәмлеге келіп, татуласуымен аяқталған.

Ел ішінде қара қылды қақ жаратын әділдігімен, біліктілігі мен адалдығымен даңқы тараған бүгінгінің билері құрамына жергілікті атқарушы орган өкілдері, сот саласының арадагерлері мен қоғам белсенділері тартылды. Бүгінде қалалық билер кеңесі құрамында 22 би бар.

Бабалар дәстүрін жаңғыртқан билер кеңесі қазақ халқында ерте заманнан бастау алған билер институтының жалғасы саналып, қоғамда мәртебелі дәреже алатыны сөзсіз.

Ақмаржан Қалымбек