2017-2023 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама бойынша Павлодар облысына 15044 адам қоныс аударған. Олардың 650-і Май ауданына қоныстаныпты. Бұл 150 отбасы. Алыстан ат арытып келген жандардың тыныс-тіршілігін көзбен көріп келген әріптесім Гүлсара Мәлікованың репортажы.
Эльмира Бектұрсынқызы Алматы облысынан Көктөбеге 2021 жылы қоныс аударған. Мамандығы заңгер. Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет еткен. Биылғы жылдың ақпан айында жұмысынан шығып құс шаруашылығын қолға алған. Бұл оның оңтүстікте де айналысқан кәнігі кәсібі көрінеді. Қаз бен үйректің, тауықтың түр-түрін өсіруде.
Құс өсірудің қиындығы көп. Алайда Эльмира амалын тауып ісін жүргізіп отыр. Ол жұмыртқадан балапан жарып шығатын инкубаторды да өзі ескі тоңазытқыштардан жасап алған. Бұл құрал-жабдық үшін кәсіпкер үйінің бір бөлмесін арнапты.
Жанары жарқырап, құлшынып тұрған Эльмираның ісі көпке үлгі. Үш қыздың анасы әзірге арендалық үйде тұрып жатыр. Құс өсірудің қыр-сырын терең меңгерген өз ісінің шебері алдағы уақытта шаруашылығын кеңейтуді жоспарлап отыр. 1 млн 400 теңгелік грантқа сұраныс беріп қойса, 5 млндық грантқа бизнес жобасы сақадай-сай тұр. Май ауданына соңғы 6 жылда қоныс аударған 650 адамның 74 -і өз ісін дамыту үшін мемлекеттік көмекке ие болды. Үстіміздегі жылы ауданға оңтүстік өңірден тағы 205 тұрғын келеді деп күтілуде.
Гүлсара Мәлікова