26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа күрес күні. Осыған орай облыс орталығының Ертіс променад жағалауында «Есірткісіз болашаққа ұмтыл» фестивалі өтті. Шараға тәртіп сақшылары, медицина қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысты.

Шаһардың басты сахнасында Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдастырумен «Есірткісіз болашаққа ұмтыл» фестивалі өтті. Нашақорлыққа қарсы насихат жиынында бірқатар шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындарын спортпен айналысуға тарту мақсатында ойын-сауық-спорттық сайыс өтті. Павлодарлықтарға есірткі құралдарын пайдалану салдарынан бөлек, заңсыз айналымы және саудасымен айналасқандарға тағайындалатын қылмыстық жаза жөнінде түсіндірілді.

Ирина Темиргалиева, полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

Біздің жағалауда тақырыптық аймақтар орнатылған. Қала тұрғындары әр аймақтан өтіп, мамандардан кеңес ала алады. Атап айтқанда, Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы, АИТВ-инфекциясының алдын алу және оған қарсы күрес орталығының мамандары бар. Бізде үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер де атсалысуда. Олар өздерінің түрлі тапсырмаларын дайындап келді. Жалпы бұл шара жастар мен жасөспірімдердің есірткіге «жоқ» деп айтуы үшін бағытталған.

Нашақорлық - қазіргі заманның жаһандық проблемасы. Оның зияны жайында өскелең ұрпақ арасында кеңінен айтылу тиіс. Аталған шараға кішкентай павлодарлықтар да атсалысты. Олар «Біз арманмен өмір сүреміз» атты суреттер көрмесіне өз жұмыстарын дайындап келді.

Лилиана Даирова, оқушы:

Есірткі сіздерді жарқын болашақтарыңыз бен үлкен мүмкіндіктерден айыратынын айтқым келеді. Бақытты болуы үшін оған есірткі қажет емес. Нашақорлықсыз, салауатты өмір сүріңіздер.

Альвина Миронова, оқушы:

Мен адамдарды ескірткісіз салауатты өмірге шақырамын. Есірткі – өте қауіпті. Адамның бойында тәуелділік тудырып, салдарынан өлімге де алып келуі мүмкін. Мен біздің қоғам белсенді, әрі спортпен шұғылданғанын қалаймын. Әр адам өз арман-мақсаттарына жетсе деймін.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары көліктер шеруін тамашалады. Қала тұрғындары мен қонақтарына Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығы мамандарының консультациялық қызметі жұмыс істеді.

Ақмаржан Қалымбек