Шарбақты ауданы, Хмельницкий елді мекеніндегі жаңа жолдың айналасында жанжал басталды. Аудандық депутаттың фирмасы салған асфальттың сапасына тұрғындардың көңілі толмайды.

Енді салынып жатқан ауылішілік 710 метр су жаңа жолдың тас-талқаны шығып жатыр. Тұрғындар жөнделген жолдың қызығын көрмейміз бе деп қауіптеніп, сапасыз құрылысты тоқтатқызған.

Налыған тұрғындар мердігерді сотқа береміз деп дүрлігіп, ауыл әкімі жол сапасын тексеретін орталықты шақыртты. Нәтижесінде мердігердің құрылыс барысында жіберген ақаулары анықталып, оны түзетуге 20-шілдеге дейін уақыт берілді.

Ақылбек Сұлтанов, Жылыбұлақ ауылдық округінің әкімі:

Жергілікті учаскелерде жабынның жиегі бұзылған, осыған байланысты «Шығыс Жолдары» ЖШС мердігер ұйымына 10 жұмыс күні ішінде анықталған ақауларды жою жөнінде шаралар қабылдау туралы хабарлама жіберілді. Осы талаптар орындалмаған жағдайда аудан әкімдігі мердігерді жосықсыз деп тану үшін сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.

Депутат бұдан басқа тағы екі жолды жөндеуі керек. Ұзындығы 2 шақырым 700 метр болатын жөндеуге шамамен 80 миллион теңге бөлінді. Мердігер жолға 70 миллионнан төмен ақша жұмсауды ұсынған соң, билік онымен келісім-шарт жасасқан. Бұл мәміледе сапа жайлы ешкім ойламаған дейді тұрғындар. Дегенмен, шенеуніктер жағдайды реттеуге уәде етіп, мердігерге ақауларды түзетуге кеңес берді. Депутат барлық талапты орындауға келісті.

Гүлсара Мәлікова