Биыл Ақтоғай ауданының құрылғанына 85 жыл. Айтулы мереке аудан орталығында жоғары деңгейде аталып өтті. Мерекелік концерт ұйымдастырылып, ұлттық дәстүр дәріптелді. Толығырақ мерейтойда болып қайтқан тілшіміз баяндайды.

1938 жылы негізі қаланған аудан аты 1993 жылы Ақтоғай болып ауысқан. Жалпы аумағы – 9800 шаршы шақырым. Қазір аудан құрамында 7 ауылдық округ, 31 елді мекен бар. Ақтоғай түрлі салада ілгері көшке ілігіп, жыл сайын дамып келеді.

Серік Батырғожинов, Павлодар облысы әкімінің орынбасары:

Қадірменді жерлестер, қонақтар. Сіздерді облыс әкімі Асаин Қуандықұлы Байханов атынан шын жүректен аудандарыңыздың 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Ақтоғай ауданы – киелі Ертіс-Баян өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, жан-жақты дамып келе жатқан киелі алтын бесік, құтты ұяға айналған қасиетті мекен. Ақтоғай ауданының бірлігі мен ынтымағы жарасқан ұйымшыл тұрғндары мемлекетімізді өркендетуге, халқымыздың тұрмыстық жағдайын көтеруге бағытталған маңызды, стратегиялық бағдарламаларын бір кісідей атсалысып, тәуелсіз Отанымыздың гүденуіне зор үлес қосып келе жатыр.

Аудан әкімі Қаршыға Арынов та құттықтау сөзінде аудан жетістіктерімен бөлісті.

Қаршыға Арынов, Ақтоғай ауданының әкімі:

Тарих үшін 85 жыл – бір сәт. Бірақ біз үшін бұл – ауданның қалыптасу және қарқынды даму уақыты. Оның аумағы, экономикасы, халқы өзгерді. Өзінің бай тарихын құрды. Бүгінгі таңда аймақ жаңа келбетке ие болып, болашаққа батыл жоспарлар құруда. Мемлекеттің қолдауының арқасында шағын және орта бизнес дамуда, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Мереке қарсаңында қаз-қатар 20 киіз үй тігіліп, көрме ұйымдастырылды. Салтанатты шараның шымылдығы Ақтоғай ауданынан шыққан талантты ақындардың арнауымен ашылды.

Шараға ауданның ел ағалары қатысты. Аймақтың өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтар «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін», «Аудан алдында сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен және құрмет грамоталарымен марапатталды.

Әбілхақ Түгелбаев, Ақтоғай ауданының тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы әкімі:

Ауданның жеткен жетістіктері, үлкен өзгерістердің болып жатқаны – барлығы, меніңше, осы бірден – Отанымыздағы игілікті істердің нәтижесі болар, екіден – бүгінгі қызмет етіп жатқан азаматтардың, ұйымдастырушылардың жетістіктері болар деп ойлаймын. Оның бер жағында халықтың өзінің де талаптанып жатқаны, еңбектерінің нәтижесі ғой.

Рысты Жұмабекова, мемлекет және қоғам қайраткері:

Біріншіден, той құтты болсын. Елімізді той болады дегеннен кейін, шақырғаннан кейін, «той болса қу бас домалайды» дегендей, ат терлетіп Астанадан келіп қалдық. Той құтты болсын. Негізінде өте қуаныштымын. Өз ауданымда өзім, тілім тимесін, анау қаншама жақсылықтарды көріп, жасалып жатқан жұмыстарды көріп, жолдардың салынып жатқанын естіп-көріп, соның бәріне өте қуаныштымын. Сондықтан, болашағымыз әлі зор ғой деп ойлаймын.

Мерекелелік шара ұлттық спорт ойындарына ұласты. Жастар қазақша күрес, аударыспақ, бәйге, көкпар сынды сайыстарға белсене қатысты. Жарысқа өңіріміздің түрлі аудандарымен қоса көрші облыстардың спортшылары да ат терлетіп келді.

Еркебұлан Егінбаев, көкпаршы:

Осындай 85 жылдықта қазақтың төл спортын өлтірмей, көрермендеріміз, кереку елінің көрермендері көрсін деп осындай көкпарды қосып, жүлделі орындар тігіп, балаларды шабыттандырып, осындай 85 жылдықты тойлап жатқанына ең біріншіден алғыс білдіреміз. Ақкөл-жайылма жерінің командасы «Сайфуллах» командасы Алланың бұйыртуымен жеңіске жеттік. Жеңіс қайырлы болды. Алланың бұйыртуымен жеңіске жетіп, той өте керемет өтіп жатыр.

Осылайша, ауданның 85 жылдығы кең көлемде атап өтілді. Жиналған қауым Ертіс жағасындағы елді мекеннің әлі де бағындырар белесі мол болар деген сеніммен тарқасты.

Жұлдыз Қабылденова