«Жас ұрпақ» жастар үйінің тәрбиеленушілері Баянауыл өлкесіне танымдық саяхат жасады. Сапар барысында жастар аймақтың табиғаты мен тарихымен жақыннан танысты. Бұл игі шараны «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі «Сенімен саяхат» жобасы аясында ұйымдастырды.


«Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігі «Жас ұрпақ» жастар үйімен 2023 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Түрлі бастамалар арқылы бірлестік мүшелері әрбір адамның игі іс жасауға қауқарлы екенін дәлелдей отырып, жас ұрпаққа өмірлік тірек болуды көздейді. Жанашыр жандардың қолдауымен жастардың өмірден өз орнын табуына бағытталған шаралар ұйымдастырылады. Солардың бірі – «Сенімен саяхат» жобасы.

Перизат Құрманәлі, «Сенімен болашақ» РҚБ ПОФ басшысы

Барлық шараларымыз ұнайды ғой, бірақ осы саяхаттың алатын орны ерекше. Өйткені біз бұны жыл сайын дәстүрлі түрде өткіземіз. Өткен жылы біз Торайғыр ауылына келіп, бір күн бойы сол аумақты «Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жүргізумен айналысып кеткен жайымыз бар. Оның барлығы тек қана қыдыру, саяхаттау, көңіл көтеру емес, оның ар жағында үлкен жауапкершілік, үлкен өлкеге деген жанашырлық, достық қарым-қатынас бар. Біздің мақсатымыз – осындай жастармен осындай шаралар өткізу арқылы біз қоғамға не бере аламыз, біз жанашырлығымызды қалай көрсете аламыз, жалпы азаматтық қоғамның қалыптасуына, азаматтық жауапкершілік пен азаматтық сананың артуына қалай ықпал етсек деген мақсатта осындай бүкіл қоғаммен әртүрлі бағытта іс-шаралар өткізіп жатқан жайымыз бар.» 

Сапар Сабындыкөл жағалауынан басталды. Мұнда жастар көлге шомылып, волейбол ойнап, ұйымшылдық пен достық қарым-қатынасты нығайтты. 

Айжан Қойсоймасова, «Жас ұрпақ» КМҚК басшысы

«Меморандум аясында біздің балаларымыз кәсіби ақыл-кеңестер алуға, сондай-ақ әртүрлі әлеуметтік және тәрбиелік іс-шараларға араласуға мүмкіндік алды. Мұндай жұмыстар олардың бір-бірімен жақын қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді. Балаларымыздың жан-жақты дамуы үшін барлық қажетті жағдай жасалуда. Атап айтқанда, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, отбасы құндылықтарын дәріптеуге көңіл бөлінуде. Осы ретте «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшылығына ынтымақтастық үшін алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақытта да бірлескен жұмысымыз жалғасып, оның нәтижесін көріп, еліміздің болашағына үлес қосатын саналы да жауапты азаматтардың қалыптасуына септігін тигізеді деп сенеміз.» 

Жобаға жастар үйінің 50-ден астам тәрбиеленушісі, тәрбиешілер мен бірлестік жанашырлары қатысты. Олар Баянауыл ұлттық паркінің ғажайып табиғатын тамашалап, Кемпіртаста естелік суреттерге түсті. Ал сапардың соңғы нүктесі Торайғыр көлі болды.

Александра Цеван, «Жас ұрпақ» КМҚК тәрбиеленушісі

«Бүгін біз Баянауыл ұлттық табиғи паркі аумағына барып, оның көрікті жерлерін тамашаладық. «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірге осындай шараларға қатысып жүргенімізге биыл төртінші жыл болды. Өткен жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында Торайғыр өңіріне келіп, тазалық жұмыстарын жүргізген едік. Ал биыл табиғат аясында демалып, жақсы уақыт өткізу үшін жиналдық. Уақытты өте көңілді өткізіп жатырмыз: шомылып, дәмді ас ішіп, көрікті жерлерді аралап жүрміз. Жалпы, бәрі тамаша. Демалысымыз өте керемет өтуде.» 

Максим Мун, «Жас ұрпақ» КМҚК Тәрбиеленушісі

«Бүгін біз уақытты өте жақсы өткіздік – шомылдық, волейбол ойнадық. Яғни, барынша демалып, ерекше әсер алдық. Жақсы демалыс үшін ұйымдастырушыларға көп рақмет. Бәрі өте керемет болды.» 

Осылайша, Баянауылдың баурайында өткен күн жастардың жадында сақталары сөзсіз. Көл жағасындағы белсенді демалыс, табиғат ғажайыптарымен танысу және бірге өткізген уақыт қатысушылардың ұйымшылдығын арттыра түсті. Бастысы – ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар өздерінің қоғамға керек екенін және арттарында сенімді тірек, жанашыр тәлімгерлердің бар екенін тағы бір мәрте сезінді.


Жұлдыз Қабылденова