Жақын арада тұрмыстық қалдықтардың бір бөлігі полигонға жіберілмей, қайта өңделе бастайды. Облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа нысан пластик, қағаз, шыны және металды іріктеп алып, оларды әрі қарай қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Пластикалық бөтелкелер, картон қораптар, алюминий банкілер, целлофан пакеттер – мұның барлығы бүгінде басқа қоқыстармен бірге қалалық полигонға шығарылып жатыр. Бұл жағдайды жаңа сұрыптау орталығы өзгертуі тиіс. Іске қосылғаннан кейін қаладағы барлық қоқыс алдымен осы жерге жеткізіледі. Кәсіпорынның жылдық қуаты 150 мың тоннаға дейін қалдық өңдеуге жетеді.
Әлихан Албаков, «Сұрыптау орталығы» ЖШС басшысы
Жобаның бірінші кезеңінің бюджеті 4,7 миллиард теңгені құрайды. Қаржының 43 пайызы – жеке инвестициялар, ал қалған бөлігі мемлекет қолдауымен «Жасыл Даму» бағдарламасы аясында Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы несие ретінде тартылған. Бұл жобаның негізгі мақсаты – барлық қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау. Қалдықтардың шамамен 30 пайызын қайта өңдеуге бөліп алып, қалған 70 пайызын көмуге жібереміз.
Экологтардың бағалауынша, сұрыптау орталығы іске қосылғаннан кейін полигонға жіберілетін қоқыс көлемі азаяды. Сонымен қатар зиянды шығарындылар да қысқарады.
Әсет Сыздықов, Павлодар облысы экология департаменті басшысының орынбасары, павлодар облысының бас мемлекеттік экологиялық инспекторы
Полигонда қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру және көму үшін әлі де жеткілікті орын бар. Дегенмен органикалық қалдықтардың ыдырауы нәтижесінде полигоннан газ бөлінеді. Осы аумақта қызмет жүргізетін кәсіпорындардың атмосфераға шығарындылар жасауға және қалдықтарды көмуге қажетті рұқсат құжаттары бар. Қазіргі уақытта полигонның жылдық қуаты 120 мың тоннаны құрайды. Сұрыптау орталығының құрылысы жобаланған кезде полигонға орналастырылатын қалдық көлемін шамамен 30 пайызға қысқарту көзделген. Яғни, 120 мың тоннаның 30 пайызы қайта өңдеуге жіберіледі.
Сондай-ақ, мамандар жаңа кешеннің тиімді жұмысы көп жағдайда тұрғындардың өздеріне байланысты екендігін де ескертті.
Сағын Төлеутаев, жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы:
Қазіргі таңда Мемлекет басшысы қалдықтарға ұқыпты қарау мен оларды сұрыптау мәдениетін енгізу міндетін қойып отыр. Осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Болашақта тұрмыстық, тағамдық және басқа да қалдықтар пайда болған сәттен бастап, яғни алдымен үйден шықпай тұрып сұрыпталуы қажет. Сонда бұл жердегі сұрыптау желісіне келіп түсетін қалдықтар барынша алдын ала бөлінген болады.
Нысан құрылысы біртіндеп аяқталып келеді. Бірінші ғимарат толық дайын. Екінші ғимараттың құрылысын тамыз айына дейін аяқтау жоспарланған. Ал негізгі жабдықтар қазірдің өзінде жұмысқа дайын.
Самал Қалиқызы