Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Павлодардағы Усолка шағын ауданында экологиялық акция өтті. Сенбілікке 50-ден астам қала тұрғыны, еріктілер, жастар және ардагерлер қатысты. Олар өзен жағасын қоқыстан тазартып, қалдықтарды сұрыптап жинады.


Акция аясында қатысушылар арнайы белгіленген аумақтарды тазалады. Қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттайтын танымдық ойындар мен экологиялық нетворкинг өткізілді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға үндейді.

Сағын Төлеутаев, Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы

Бұл шараның мақсаты жас ұрпақтың бойына эколгиялық мәдениетті, білімді қалыптастыру. Бұл болашақ жастарға экологиялық жанашырлықты бойына сіңіру. Жастарды, қала қонақтарын осындай акцияға шақырамыз. Қатысыңыздар, көріңіздер. Экология бір күндік жұмыс емес, күнделікті қағидат деп айтуға болады. 

Сенбілікке әртүрлі жастағы тұрғындар қатысты. Олардың арасында жастар да, зейнеткерлер де бар. Белсенді қатысушылардың бірі 14 жастағы Ясмин. Ол еріктілер қатарына небәрі үш ай бұрын қосылған. Соған қарамастан көптеген сенбілік пен қоғамдық шараларға қатысып үлгерген. Қазір Қызыл Ай ұйымының еріктісі. 

Ясмин Мухомодиева, ерікті

Маған ерікті болу ұнайды. Себебі әрдайым сенбіліктерге шығамыз. Адамдарға көмектесеміз. Өз еркіммен жасаймын. Маған қатты ұнайды. Әлемге мен пайда әкелгенде өзімді жақсы сезінемін. 

Акцияға «Замандас» ардагерлер клубының мүшелері де белсене қатысты. Олар мұндай шараларға тұрақты түрде шығып, қоғамдық жұмыстарға атсалысып келеді. Ардагерлердің айтуынша, бірлескен еңбек адамдарды жақындастырып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сенбілік кезінде ән айтып, би билеп, жақсы көңіл күймен жұмыс істеу игі іске ынталандырады дейді клуб мүшелері. 

Валентина Шалденкова, «Замандас» ардагерлер клубының мүшесі

Біз бүгін жақсы жұмыс жасадық. Еңбегіміз үшін арнайы сыйлықтар да алдық. Мұндай экологиялық шараларға алғаш рет емес, үнемі қатысып тұрамыз. Өткен жылы қайықпен Ертістің арғы бетіне өтіп, өзен жағасын қоқыстан тазартқан болатынбыз. Усолка шағын ауданындағы сенбілікке де жиі шығамыз. 

Қатысушылар алдағы уақытта да өңірдің тазалығы үшін ұйымдастырылатын шараларға белсенді қатысуға ниетті.


Сабина Жолдаспаева