Павлодар облысының спорт тарихында тағы бір маңызды белес. Өңірде тұңғыш рет медицина қызметкерлері арасында ұйымдастырылған футбол лигасының шымылдығы түрілді. Жаңа бастамаға облыстың қала-аудандары мен ауылдық елді мекендерінен жасақталған 12 команда қатысуда.


Жарыстың ашылу салтанатына жиналған ақ халатты абзал жандар спорт пен салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама медицина қызметкерлерінің өзара байланысын нығайтып, кәсіби қызметтен тыс уақытта сергектік пен ұйымшылдықты арттыруға мүмкіндік береді.

Ернұр Негманов, Павлодар облыстық онкология диспансерінің онколог дәрігері

Көптен күткен бүгін павлодар облысы тарихында лиганың тұсауы кесілуде. Қазір 12 команда қатысып жатыр. 2 айдың ішінде толық өткізіп боламыз деп ойлаймын. Өте қуаныштымыз. 

 Павлодарлық медицина мамандары 2017 жылдан бері республикалық деңгейдегі футбол додаларында бақ сынап келеді. Өңірлік лиганың басты мақсаты – жергілікті командалардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына жол ашу. Сонымен қатар, үздік ұжымдарды республикалық жарыстарға жан-жақты дайындау.

Саматбек Абдырахманов, Ақсу қалалық ауруханасының хирург дәрігері

Біз алғашқы медициналық футбол лигасына келіп отырмыз.Осылай ойнауға, футболды дамытуға мүмкіндік бергеніне көп рақмет. Медицина қызметкерлерінің қызметкерлері іс-шараларын жүргіземіз.Бүгінгі ойынға қатысып жатқан барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін. Көп-көп рақмет. 

 Алғашқы турдан-ақ командалардың жеңіске деген жігері мен тыңғылықты дайындығы байқалды. Қатысушылардың айтуынша, олар жарысқа бірнеше ай бойы әзірленіп, тұрақты жаттығулар өткізген.

Темірлан Бауов, Екібастұз қалалық ауруханасының травматолог дәрігері

Командамызда 14 адам бар. Енді жаттығула жасап келеміз. Осы турнурде жеңіске жетеміз деп ойлаймыз. Арнайы бізде поле бар сол жерде дайындаламыз, негізі дайындығымыз жақсы. 

Екі айға созылатын додада командалар өзара мықтыны анықтайды. Ал чемпион атанған ұжым республикалық жарыста Павлодар облысының намысын қорғау мәртебесіне ие болады.

Дильназ Қуанышбекқызы