Павлодар қаласындағы спорт алаңдарының бірінде ролик тебуден жарыс өтті. Жылдамдық, тепе-теңдік пен қозғалыс дәлдігі сынға түскен бәсекеде еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар өз шеберліктерін көрсетті. Олар маусымның ауыспалы кубогын жеңіп алу үшін өзара бақ сынасты. 

Мұндай жарыстардың ерекшелігі – техника мен күрделі трассаны бағындырудың үйлесімінде. Мұнда тек жылдамдық қана емес, кедергілерден шебер өте білу де маңызды рөл атқарады. Қатысушылар арнайы дайындалған жолақтардан өтіп, жоғары деңгейдегі шоғырлану, үйлесімді қозғалыс және әр қимылды бақылау қабілеттерін көрсетеді. Жыл сайын турнирлердің географиясы кеңейіп, спортшылардың дайындық деңгейі де артып келеді. 

Руслан Ковтунов, «Exstrime Kids» клубының тәлімгері

Бүгін «ERTIS PROMENADE» алаңында роллер спорты бойынша ауыспалы кубокты табыстау рәсімі өтіп жатыр. Бұл шараның басты мақсаты – экстремалды спорт түрлерін Павлодар өңірінде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша насихаттау және роллер спортының дамуына серпін беру. Биылғы жарысқа үш қаладан шамамен 70 спортшы қатысты. Олар – Павлодар, Өскемен және Астана қалаларының өкілдері. Қатысушылар өзара бақ сынап, үздіктерді анықтады. Жүлделі орын алған спортшылар грамоталармен және медальдармен марапатталды. Ал жарыстың басты жүлдесі – ауыспалы кубок. Ұйымдастырушылар мұндай турнирді жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Сондықтан кубок жыл сайын жеңімпаздан жеңімпазға табысталып, жарыстың дәстүрлі символына айналмақ.

Жаттықтырушылардың айтуынша, роллер спорты әлдеқашан әуесқой хобби деңгейінен асып түсті. Бүгінде бұл – тұрақты жаттығуларды, түрлі жарыстарға қатысуды және халықаралық додаларда бақ сынауға мүмкіндік беретін толыққанды спорт бағыты. Жас спортшылар үшін мұндай турнирлер спорттық мансаптағы маңызды баспалдақ саналады. 

Ильдар Сайткулов, роллер-спорты бойынша аға тәлімгер 

Роллер спортының жай ғана ролик тебуден айырмашылығы – мұнда арнайы спорттық дисциплиналар бар. Оның ішінде скейт-кросс пен секіру жарыстары қамтылған. Бұл сайыстарда балалар түрлі кедергілерден өтіп, белгіленген қашықтықтарды бағындыруы керек. Жалпы, роллер спорты – халықаралық деңгейде мойындалған спорт түрі. Қазіргі таңда менің жетекшілігіммен шамамен 150 жас спортшы жаттығады. Біз Өскемен мен Астана қалаларындағы жарыстарға қатысып үлгердік. Сонымен қатар Павлодарда да өңірлік жарыстар ұйымдастырылды. Әрине, мен шәкірттеріммен мақтанамын. Алдағы мақсатымыз – Ресейдегі өңірлік жарыстарға барып, өз мүмкіндіктерімізді көрсету. Балалар да басқа деңгейдегі мықты спортшыларды көріп, тәжірибе жинақтайды. Ең бастысы – Қазақстанда роллер спортының одан әрі дамып, кеңінен танылғанын қалаймын. 

Қатысушылардың айтуынша, мұндай жарыстар тек тәжірибе жинақтауға ғана емес, алдағы жаттығуларға ынта беруге де ықпал етеді. Көпшілігі үшін роллер спорты жай ғана әуестік емес, тұрақты дайындық пен жоғары тәртіпті талап ететін өмір салтына айналған. Спортшылардың пікірінше, осындай кездесулер тәжірибе алмасуға, жаңа достар табуға және өз мүмкіндіктерін бағамдауға мүмкіндік береді. Сондықтан олардың роллер спортына деген қызығушылығы жыл сайын артып келеді. 

Ульяна Хлынова, жарыс қатысушысы

«Маған бұл спорт түрі өте ұнайды. Қазіргі таңда оның танымалдылығы артып келе жатқанына қатты қуаныштымын. Өзім роллер спортымен айналысып жүргеніме екі жылға жуық уақыт болды. Қазір клубішілік жарыстар өткізіліп жатыр. Бұған дейін Өскемен мен Астана қалаларындағы жарыстарға қатыстық. Ал бүгін Павлодардағы жарысқа Астана мен Өскеменнен спортшылар келді. Сайыс төрт дисциплина бойынша өтті. Оның ішінде 100 метрлік қашықтыққа жарысу да болды. Мен бірінші орын алдым деп ойлаймын. Өйткені осы нәтижеге жету үшін ұзақ уақыт бойы жаттықтым және жеңіске жетемін деп үміттендім.» 

Маусымның басты жүлдесі – ауыспалы кубок Павлодарда қалды. Бұл жеңіс өңірдегі роллер спортының дамуы мен спортшылардың жоғары дайындық деңгейін көрсетеді. Ауыспалы кубок енді тек жеңістің белгісі ғана емес, жаңа жетістіктерге ұмтылыстың, табандылық пен спорттық өсудің символына айналып отыр. 

  

Самал Қалиқызы