Елімізде балалардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді. Мектеп жасындағы бүлдіршіндер, жасөспірімдер және студенттердің физикалық дамуын жетілдіру үшін республикалық челлендж ұйымдастырылған. Шараның №36 мектепте қалай өткенін тілшіміз көріп қайтты.
Спорттық челленджге Қазақстан бойынша барлық оқушылар мен колледж студенттері қатысады. Шараның мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және балалардың оқу барысындағы белсенділігін арттыру.
Бақтияр Түсіпов, білім беру басқармасы аймақтық дене шынықтыру оқу-тәжірибелік орталығының басшысы:
Сағат 12-де Астана уақытымен Қазақстан Республиасының барлық мектептерінде, колледждерінде бірыңғай дене шынықтыру челленджі өткізіледі. Бұл челлендждің басты мақсаты – осындай бірінші жұмада басталып оқу басталған кезде балаларды осындай жаттығуларға үйретіп, әрі қарай оқу болған кезде бұл жаттығуларды оқу процесі кезінде 3-4 сабақтан кейін сабақ кезінде, үзіліс кезінде жасап, балаларды бой сергітіп, ары қарай оқу процесін жалғастыру үшін жасалып жүрген нәрсе.
Балалардың қозғалыс белсенділігі өсіп келе жатқан ағзаға өте маңызды. Сол себепті, мектеп директоры дене шынықтыру минуттарын жиі ұйымдастыру қажет екенін атап өтті.
Рифкат Мұратов, Павлодар қаласы №36 экологиялық бағыттағы жалпы орта білім беру мектебінің директоры:
Оқушылардың денсаулығын сақтауға бағытталған көптеген педагогикалық қағидалар бар. Оқу барысында балалар психикалық және эмоционалдық күйзелістерге ұшырауы мүмкін. Ол бұлшықет массасының шаршауына әкеледі. Жалпы, тәжірибе көрсеткендей, оқу кезіндегі өнімділікті тез қалпына келтірудің ең тиімді әдісі – дене шынықтыру минуттарын өткізу.
Спорттық челленджде оқушылар 4-5 минуттық жаттығулар кешенін орындады. Айта кетейік, жас айырмашылығына байланысты оқушыларға арнайы жаттығулар дайындалған. Оларды орындау оқу жылы барысында дәстүрге айналмақ.
Айлана Мерғалымова, 4-сынып оқушысы:
Мектебімізде салауатты өмір салты – бірінші орында. Әр сабақта дене шынықтырумен айналысамыз. Белсенді қимылды ойындар ойнаймыз. Дене шынықтыру мұғалімдері спорттық шаралар өткізеді. Біз салауатты өмір салтын сақтаймыз.
Бұл – оқу жылы барысында өткізілетін 9 міндетті шаралардың алғашқысы. Әрі қарай ай сайын түрлі шығармашылық, спорттық шаралар өткізіледі.
Жұлдыз Қабылденова