Бала-еліміздің болашағы, әрі басты байлығы. Жас ұрпаққа толықанды тәрбие беріп, білім нәрін сусындату әр ата-ананың міндеті, яки, жауапкершілігі. Елімізде 2013 жылдан қыркүйек айының екінші жексенбісінде отбасы күні тойланады. Бұл шара облыс орталығында орналасқан қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау мекемесінде жалғасын тапты. Балғындар келген қонақтарға ән айтып, би биледі.

Мың бұрала билеген бишілер тобы шара шымылдығын ашты. Он саусағынан өнер тамған жас өрендер отбасы күні мерекесіне етене дайындалған. Мұнда қиын өмірлік жағдайға тап болған балалар тұрмыс кешеді. Облыстық орталық 3 пен 18 жас аралығындағы 70 балаға арналған.

Айман Сүлейменова, орталық директорының орынбасары:

Орталықтың басты міндеті – қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға көмектесіп, қолдау білдіру. Біз тәрбие, қосымша білім беру ісімен айналысамыз. Қазір оқу процесі басталды. Біздің орталық қаламыздың өзге де ұйымдарымен қоян қолтық жұмыс істейді. Сондай-ақ әлеуметтік қызмет түрі де көрсетіледі. Мамандар ата-аналар мен балаларға әлеуметтік мәртебе, құжат алуына, жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Бүгін міне біздің балалар мерекелік салтанаттан қалыс қалмай, отбасы күнін атап өтті. Себебі, бұл шара отбасылық қарым-қатынастың құндылығын сіңіруге сеп болмақ.

Қазір орталықта 63 бала пана тауып отыр. Оның ішінде 5 бүлдіршін мектеп жасына дейінгі балалар, 54 мектеп оқушысы және 4 студент тұрады. Марина Игнатченко 17 жаста. Бүгін олар көрермендерге топ болып, халқымыздың ұлттық биін сомдамақ.

Марина Игнатченко, орталық тәрбиеленушісі :

Орталықта өтіп жатқан шараға біз өте қатты дайындалдық. Әрине, қобалжып тұрмыз. Ән айтып, би билейміз. Сондай-ақ мен «Жақсылық жаса» өлеңін сахна төрінде орындаймын. Біз үнемі түрлі салтанатты жиындарға қатысып отарымз. Біздің орталықта шахмат, вокал, домбыра, би үйірмелері жұмыс істейді.

Айда Бусурманова, орталық тәрбиеленушісі:

Біз орындайтын би көпшілік көңілінен шығады деп ойлаймын. Бір, екі күн тыңғылықты дайындалдық. Әрине, оңай емес. Бірақ біз ешнәреден қорықпайыз. Бізге бұл қағиданы мында сіңіріп тәрбиелейді. Біздің қолымыздан бәрі келеді.

Орталықта жетім, ата-ана қамқорлығынсыз, қараусыз және қатыгездікке душар болған балалар тұрады. Мұнда олар жарты жыл пана табады. Шара соңында балалар «Ана» өлеңін орындап, көрермендердің жүрегін елжіретті.