Павлодарда биыл өндірістік орындарда 64 оқыс оқиға болған. Салдарынан 2 адам қаза тапты. 62 адам түрлі дене жарақатын алған. Аталған мәселе "Қауіпсіз еңбек" атты өңірлік форумда талқыланды. Шараға мәжіліс депутаттары, кәсіподақ өкілдері және өңірдегі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Павлодар облысы өндірістік жарақат алу көрсеткіші бойынша бесінші орында тұр. Биылғы жылдың 8 айында 64оқыс оқиға болған. Өкінішке қарай 2 адам көз жұмды.

Асқар Қапанов, облыстық еңбек басқармасының басшысы:

Біз өндірістегі оқыс оқиғалар бойынша бесінші орында тұрмыз. Бұрын алғашқы үштікте болғанбыз. Біз өндірісі дамыған өлкеміз. Сондықтан, жарақат алу оқиғалары азайып келе жатыр деп айтсақ болады. Сондықтан да қауіпсіздік шаралары біздің басты мақсатымыз.

Елімізде жарты миллион адам қауіпті және зиянды өндіріс ошақтарында жұмыс істейді. 7 мың адам осының салдарынан түрлі ауруға шалдыққан. Бұндай қорқынышты статистиканы болдырмау мақсатында түрлі шаралар қабылданып жатыр.

Мұхтар Тінікеев, Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары:

Әлемде жұмыстағы оқыс оқиғалардың 100 пайызы жұмыс беруші жақтан болады. Еңбек кодексінің 190 бабы Үкімет тарапынан қолдау таппады. Сондықтан да, заңның кейбір тұстарын қайта қарау керек. Кәсіподақ алдында жұмысшылардың қауіпсіздігі және жұмыстағы қауіпсіздік сапасын жақсарту мәселесі тұр.

Парламент Еңбек кодесіне өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Бұл еңбек дауларын азайтуға және жұмысшылардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Бұл ретте ескі көзқарастан арылып, жаңа стандарттарды қолдану басты назарға алынған.

 Екатерина Смышляева, ҚР парламент мәжілісінің депутаты :

Бізде ең басты проблема өндірістік жарақат. Оны жасырып қалу дерегі тыйылмай тұр. Оны түбімен жою үшін еңбек кодексіне әлі де толықтыру енгізу қажет. Мемлекет басшысы да өз жолдауында осы мәселені көтерді. Сондықтан қауіпсіз еңбектің бірыңғай тұжырымдамасын жасауымыз керек.

Форум барысында кәсіпорын өкілдері еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша өз тәжірбиелерімен бөлісті. Бұдан бөлек негізгі мәселелерді шешу бағытталған түрлі ұсыныстар айтылды.