Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссия дабыл қағуда. Себебі, Павлодарда түнгі уақытта ата-ана бақылауынсыз дала кезіп жүрген балалардың саны артқан. Жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында Павлодар қаласының ойын-сауық мекемелерінің иелерімен кездесу өтті.

Сонғы уақытта жасөспірімдер арасында құқық бұзуышылық саны артқан. Бұған кәмелет жасына толмағандардың түнгі уақытта үлкендердің қарауынсыз жүруі себеп. Өткен жылы бақылаусыз жүрген оқушылардың саны 253 болса, биыл 389 факт тіркелген.

Руслан Сүлейменов, Павлодар қаласы полиция басқармасының аға инспекторы:

442 бабтың 2 бөлігі бойынша түнгі 22.00-ден 06.00 уақыт аралығында заңды тұлғаның бақылауынсыз анықталған 389 факт тіркелді. Анықталған жас өспірімдермен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Осы баптың 3-ші бөлігі бойынша 11 факт жыл көлемінде анықталып сотқа бағытталды. Сот шешімі бойынша оларға ойын-сауықтық мекемелерде жүруге шектеу қойылған. Сондай-ақ полиция бөлімінің есебіне ілікті.

Ал жасөспірімдердің жеті түнде дала кезіп жүруі қылмыстың өсуіне себеп болып отыр. Бұған қоса жеткіншектердің арасында тыйым салынған құралдарды пайдаланып, таралуы жиілеп кеткен дейді мамандар.

Индира Рысмағамбетова, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссиясының хатшысы:

Соңғы уақытта шаралардың қатаңдатылуына қарамастан есірткі құралдарының психоактивті дәрілердің таралу фактілері көбейген. Кейбір қылмыстық істерде кәмелетке толмаған балалар күдікті болып келеді. Осы жағдайларды алдын алу мақсатында ойын-сауықтық орындардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізуді жөн көрдік.

Полиция инспекторының айтуынша кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің басым көпшілігі компьютерлік ойынханаларда отырады. Жауапты мамандар ата-аналардан балаларына мұқият болып, тәрбиесіне мән беруге шақырады.

Байтұрсын Жұмабай