Айыппұл төлеуден жалтару – бүгінгі қоғамның басты дертінің бірі. Осы ретте Павлодар облысы Полиция департментінің ұйымдастыруымен «Борышкер» жедел-профилактикалық шарасы жүргізіліп жатыр. Мақсаты облыс бойынша жүргізушілердің көлік тәртібін арттыруға, жол-көлік апаттаын төмендетіп, салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіруге бағытталған. Игі бастама қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.
Шара аясында әкімшілік айыппұлдарды төлеуден жалтарған борышкерлерді анықтау және жеке сот орындаушыларында мәжбүрлеп өндіріп алудағы айыппұлдарды өндіру мақсатында мемлекеттік органдар мен мекемелерге қызметтік және жеке автокөлік бойынша хаттар жолданады. Арасында өткен жылдардан бері айыппұл төлемеген борышкерлер де бар. Шараның алғашқы тәулігінің өзінде 28 көлік құралы айыппұл тұрағына қамалып, 3 млн теңге мөлшерінде қаражат өндірілген. Ай соңына дейін әкімшілік айыппұл төлемей жүргендерді анықтау және оларға қатысты шаралар қатаң бақылауда болады, дейді тәртіп сақшылары.
Рүстем Калыков, ПД әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің аға инспекторы:
Әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар қызметкерлерге барлық меншік нысанындағы ұйымдар қызметтік және жеке автокөлік бойынша ұйғарымдар жолданды. Сондай-ақ, учаскелік полиция инспекторы сот орындаушысымен бірлесіп қасақана төлемейтіндердің тұрғылықты жері бойынша рейдтік іс-шара жүргізуде. Өтелмеген әкімшілік айыппұлдар анықталған жағдайда полиция қызметкерлері сот айыппұл толық өтелгенге дейін көлікті айыппұл тұрағына қамайды.
Рейдтік іс-шара барысында тәртіп сақшылары автокөліктерді заңды негізде тоқтатады. Ал Мемлекеттік кірістер департаменті мен сот актілерін орындау департаменті қызметкерлеріне жүргізушілерді деректер базасы арқылы төленбеген айыппұлдың бар-жоғын тексеру міндеті жүктелген. Айыппұлды тексерудің бірнеше жолы бар. Онлайн режимінде "egov.kz" электрондық үкімет порталының көмегімен, сондай-ақ qamqor.gov.kz, Kaspi.KZ, egov.kz мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, бар болған жағдайда сол жерде төлем жүргізуге болады. Сайт арқылы айыппұлдарды тексеру кезінде «айыппұлдарыңыз туралы біліңіз» деген бетбелгіге кіріп, көлік иесінің Жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу қажет. Фото-бейне тіркеу жүйелерінде тіркелген бұзушылықтар болған жағдайда, бұзушылық бейнеленген фотосуретті сол жерде басып шығарып алу мүмкінді бар.
Ақмаржан Қалымбек