Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы ел азаматтары барлық қажетті медициналық көмекке кол жеткізуде. Тіпті, құны қымбат оталар да медициналық сақтандыру есебінен жүргізіледі. Науқастар игілігіне оңалту орталығы да жұмыс жасайды.
Сәуле Жақаева - зейнеткер. Бірталай жыл бұрын микроинсульт алған. Салдарынан ауруханаларға жүйелі қаралуға тура келген. Жүрек қан тамыры ауруының салдарынан өздігінен жүру қиындап, науқас төсек тартып қалған. Оңалту орталығына ақпан айында омыртқа ауруына шағымданып келіп, қажетте ем-дом шараларын алған. Араға жарты жыл салып науқастың денсаулығы едәуір жақсырған. Қазір ол қолтояқ көмегісіз жүріп-тұра алады.
Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы азаматтар сапалы медициналық қызметтерге қол жеткізе алады. Оның аясында науқастарға диагностикадан өту, уақтылы тиісті ем алу, оңалту орталығының қызметі сияқты әлеуметтік көмекті тегін алу мүмкіндігі қарастырылған.
Жамал Бексейітова, оңалту орталығының бас медбикесі:
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде оңалту орталығы инсульттан, буындарды эндопротездеуден, травмотологиялық және кардиологиялық операциялардан шыққан пациенттерге қызмет көрсетеді» «Орталықта физиотерапиялық процедуралар, массаж, емдік гимнастика, сондай-ақ инсульттан кейінгі науқастарға Бубновскийдің арнайы тренажері, жоғарғы және төменгі аяқтарды дамыту үшінға арналған массаж, жаттығулар жасалады»
Ал, Людмила Николаевна оңалту орталығына жолдаманы тұрғылықта жері бойынша тіркелген емхананың невропатолог дәрігерінен алды. Қажет болған барлық процедура міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры аясында тегін жүргізілген. Науқасқа массаж, тұзды ванна, физиотерапия сияқты қызметтер көрсетілді.
Людмила Куринная, Павлодар қаласының тұрғыны:
«Емханада гипертония диагнозымен ұзақ уақыт есепте тұрдым. Кейін инсульт алдым, ал қазір 2-3 дәрежелі артроз мазалайды. Бұл орталықтың бар екенін білмедім. Невропатолог ұсынған кезде таң қалғаным рас. Сосын, әрине, орталыққа барамын деген шешім қабылдадым. Мен өте ризамын»
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде оңалтудың артықшылықтары басым. Бұл емдеу мен оңалтуға жұмсалатын шығын мен науқастардың қалпына келу уақытын үнемдейді. Орталыққа жолдама алу үшін тұрғылықты жер бойынша тіркелген емхананың дәрігерлеріне жүгіну қажет.
Ақмаржан Қалымбек