Биыл облыс орталығы көшелеріне көпжылдық гүлдер отырғызылды. Шаһардың ажарын аша түскен гүлзарларды отырғызу үшін бюджеттен 83 млн теңге қаржы бөлінген. Қалалық әкімдіктің мәліметінше, келер жылы бұл жұмыстар жалғасын табады.

Биыл қаланы көгалдандыру жұмыстары қатқақ суықтар өткеннен соң, мамыр айында қолға алынған еді. Соңғы жылдары мамандар көпжылғы гүлдерді өсіруге басымдық берген. Облыс орталығының тәжірибесінде көпжылдық гүлзарларды отырғызу соңғы 5 жылда қарқын алды. Биыл көпжылдық гүлдің бір-ақ қана түрі – раушан егілді. Қала билігі келер жылы гүлзарлардың бірден бірнеше түрін отырғызуды жоспарға алған.

Оразбек Саяхат, қала әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы:

Павлодар қаласы бойынша жасыл өсімділер қорына күтім жасау аясында көпжылдық гүлдерді отырғызу жұмыстары қарастырылған. Биыл мамыр айынан бастап қалалық ТҮКШ бөлімінің мердігер ұйымы көпжылдық гүлдерді отырғызу, гүл бақтарын жасақтау, оларды қопсыту, суару және басқа да қажетті жұмыстарды атқарды. Көпжылдық гүлдерді отырғызуға бюджеттен 83 млн теңге бөлінді. Бұл сомманың ішіне гүлдің құны, оның тынайтқыштары мен топырағының бағасы кіреді. Күтім жасау жұмыстарының да құны кіреді

Бүгінде мердігер ұйым гүлдерді бүркеу жұмыстарын аяқтаған. Айта кеткен жөн, биыл қаланың көркін асырған көпжылдық сәндік гүлдерді отырғызуды «Аялы алақан» қоғамдық бірлестігі қолға алды.

Ақмаржан Қалымбек