Әрбір көмекке мұқтаж жандарға қуаныш сыйлап, бақытқа бөлеу – абыройлы міндет.Бұл тұрғыда елімізде қайырымдылық ұйымдары баршылық. Солардың бірі Павлодар облысының Халықаралық «Мейірімділк және денсаулық» қоры. Бүгін Достық үйінде аталмыш қордың 35 жылдығына арналған «Мейірімділік рухымызда және ісімізде» атты конференциясы өтті.

Өмір үшін жанталасып жатқандар қаншама!? Оларға жүрек жылуын ұсынып, ыстық ықыласын білдірушілер одан да көп екені көңілге жұбаныш! «Мейірімділік және денсаулық» қоры да көмекке зәру жандарға риясыз көмек көрсетіп, мейірімділік танытуда аянбай еңбек етіп келеді. 35 жылдыққа арналған конференцияға қадірлі меймандар қатысты. Ал, қордың төрағасы Даржұманова Үміт Мұқатайқызы. Сондай-ақ, Халықаралық мейірімділік және денсаулық қорының «35 жыл» атты кітабы жарық көрді. Кітапқа 1988-2023 жылдар аралығында атқарылған маңызды, елеулі оқиғалар енген.

Конференция барысында ақпарат және даму басқармасының басшысы Әзілхан Әбеуов пен облыстық мәслихат депутаты Асылбек Туғанбай мейірімділік және денсаулық қорының мүшелерін марапаттады. Жиналған қауым естеліктерден сыр шертіп, құттықтау сөз сөйледі. Сындарлы сәтте адамдарға тым болмаса мейірім мен жылылық сыйлай алсақ – адамгершіліктің белгісі. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді қазақ. Осындай «Мейірімділік және денсаулық» секілді қорлардың еңбектеріне біз де жеміс тілейміз!

Қымбат Садық