Аймақ басшысының Май өлкесіне жұмыс сапары Баскөл ауылынан басталды. Асайын Байханов әуелі құрылыс жұмысы жүріп жатқан 60 метрлік понтон көпіріне ат басын тіреді. Бұл - ауыл тұрғындарының ең түйткілді мәселелерінің бірі. Жергілікті халық бұл сұрақпен аудан билігіне бірнеше рет жүгінген еді. 6 айға созылған құрылыс жұмыстары қарашаның соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы бұл мақсатқа бюджеттен 224 млн теңге бөлінген.
Асайын Байханов жауаптыларға көпірдің жергілікті тұрғындар үшін маңыздылығын еске салып, жұмыстарды уақытылы орындауды тапсырды. Жергілікті билікке аталған нысандағы құрылыс пен оның кейінгі жұмысын назарға алу міндеті жүктелді.
Облыс әкімінің жұмыс сапары «Димаш» ЖК цехында жалғасты. Жергілікті кәсіпкер «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп жатыр. Цехта шағын тракторлар, жүк тиегіштер, автоүйлер мен тіркемелер жасайтын өндіріс ашты. Аймақ басшысы бұндағы жұмыс барысын көріп қайтты.
Жылу мәселесі – әкім назарында. Аймақ басшысы Көктөбе ауылындағы жаңа блоктық-модульдік қазандықтың жұмысын тексерді.
Халық үні жауапсыз қалмауы тиіс. Асайын Байзанов жергілкіті тұрғындармен де кездесіп қайтты. Бұдан бөлек аймақ басшысы әлеуметтік нысандарға да бас сұқты. Майтүбек ауылында коммуникация және ақпарат орталығын, сондай-ақ күрделі жөнделген медпункті аралады.
сапар соңында жалпы ұзындығы 216 км құрайтын республикалық маңызы бар Атамекен-Ақсу-Үлкен Ақжар-Курчатов жолының жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бүгінде жолдың 95 %-ы көңіл көншітеді. Жалпы биыл ұзындығы 45 км учаскеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Тағы 21 км жол төсемін жаңарту 2024-2025 жылдарың еншісінде.
Ақмаржан Қалымбек