Облыс әкімі Асайын Байханов сенбіден жексенбіге қараған түні болған дауыл зардаптарын жою жөнінде жиын өткізді. Онда қалыптасқан жағдайды дереу қалпына келтіру бойынша шұғыл тапсырмалар берілді. Жалпы өткен дауылдың екпіні 37 метр секундқа дейін жеткен.

Салдарынан облыстың үш қаласында, сондай-ақ, Баянауыл, Павлодар, Шарбақты, Май, Успен, Аққулы аудандарындағы 83 әлеуметтік нысанның шатыры ұшып кеткен. Сонымен қатар, қатты жел 63 көпқабатты және 84 жеке тұрғын үйдің шатыры мен қасбетіне зақым келтірді.

Қазіргі уақытта келтірілген шығын сомасын бағалау жүргізіліп, нысандарды қалпына келтіру үшін мердігер ұйымдар тартылды. Дауыл кезінде электрмен жабдықтау желілерінде 246 авариялық өшіру орын алды. Электр желілерінің 100-ден астам бағаналарына зақым келді. Ондаған ауыл бірнеше күн бойы жарықсыз қалды. Асайын Байханов электрмен жабдықтау желілерін қалпына келтіретін жауапты құрылымдардың жұмысын қанағаттанарлықсыз деп бағалады. Ол «Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемельге жағдайды өзі қадағалап, өзіне бағынышты ұйымдардың кемшіліктерін барынша жедел түрде жоюды тапсырды. Өңір басшысы қалалар мен аудан әкімдеріне және бірқатар жауапты облыстық ведомстволарға қатаң талаптар қойды. Жиын барысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов өзіне сеніп тапсырылған саладағы жұмысты әлсіз ұйымдастырғаны үшін қызметінен босатылды. Тағы бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктердің орнында қалуы берілген тапсырмаларды орындауына байланысты болмақ.

Жанасыл Серікбол