«Шаңырақ» орталығы 20 жылдығына орай өнер додасын ұйымдастырған еді. Көркемөнерпаздар сайысы мәресіне жетіп, ақтық сында жеңімпаз белгілі болды. Байқаудың жеңіс тұғырынан көрінген Успен ауданының өнерпаздары арнамызға сұхбат берді.

Өнер додасы байқауы өңірімізде алғашқы рет ұйымдастырылған. Онда аудан-қала өнерпаздары шығармашылық қабілеттерін кеңінен паш етті. Сайысқа 14 ұжым қатысып, Аққулы және Успен аудандары ақтық кезеңде кездесті. Тартысты додада Успен ауданы 1 ұпай басымдықпен жеңіске жетіп, 1 млн теңгеге ие болды.

Байқау 7 кезең бойынша өтті. Аспапты этно ансамбль өнері мен бишілердің ұлттық би көріністері көрерменді бей-жай қалдырмады. «Толқынай» би ансамблінің жетекшісі Толқынай Абдуллаеваның айтуынша, сайыс өнерпаздардың шеберліктерін шыңдауға үлкен мүмкіндік болды.

Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары айтыс, дәстүрлі ән мен би сайыстарында өнер көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Өнер додасы – ұжым болып қатысқан алғашқы жобалары. Алдағы уақытта да осы бағытта өнерлерін дамыту жоспарда бар.

Жұлдыз Қабылденова