Сенаторлар ақпараттық қауіпсіздік туралы заңды мақұлдады. Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл құжат азаматтардың дербес деректерін қорғауды күшейтіп, қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қояды деді.
Цифрлық майнинг саласында да бақылау қатаңдатылады. Енді алаяқтардан сақтану мақсатында, адамдарға «электронды үкіметтің» веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан бас тарту құқығы беріледі. Сондай-ақ, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға немесе өңдеуге тыйым салынады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР парламенті сенатының төрағасы:
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінің маңыздылығы артып отыр. Заң азаматтарымыздың дербес деректерін қорғауды күшейтуге, сондай-ақ оларды қылмыстық әрекеттерден қорғауға бағытталған.++Мақұлданған заң азаматтарымыздың мүдделерін қосымша қорғауға және саланың одан әрі дамуына септігін тигізеді деп сенеміз.
Палата отырысында Салық салу мәселелері заңыңа да өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжатта кәсіпкерлер үшін қолайлы орта құруға және инвестициялар тартуға бағытталған ережелер бар. Енді, жасақталған жобаның құны неғұрлым жоғары болса, кәсіпорынға мемлекеттен берілетін жеңілдіктер мерзімі де соғұрлым ұзағырақ болады. Бұған қоса, келесі жылдан бастап азаматтар Конституциялық Сотқа жүгінген кезде мемлекеттік баж төлемейді. Сенат Төрағасы бұл ережелер сот төрелігіне қолжетімділікті арттырады деді.