Негізгі Жаңалықтар Ақын Арман Қанидың өшпес ізі

Ақын Арман Қанидың өшпес ізі

Өлеңі - өнеге, сөзі - ұрпаққа аманат. Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Арман Қаниды еске алу кеші өтті. «Өршіл өлең, өшпес із» атты шарада қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығы дәріптеліп, артында қалдырған әдеби мұрасы сөз болды.


Жиында Арман Қанидың әдебиетке қосқан үлесі, азаматтық ұстанымы мен шығармашылық жолы туралы айтылды. Қатысушылар ақынның өнегелі өмірін еске алып, оның шығармаларын кейінгі ұрпаққа таныстырудың маңызын атап өтті.


Абзал Рымбек, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері


Бұл шараға Арман Қани ағамыздың жұбайы, туыстары, сондай-ақ бірге істес болған әріптестері мен көзін көрген ағайын жұрты келіп отыр. Сонымен қатар, колледж студенттері бар, оның ішінде зиялы қауым өкілдері де қатысып отыр. Бұл шараның мәні ақын мұрасын насихаттау, ақынның өлеңдері мен шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау болып табылады.


Көрермендер қаламгердің шығармашылық жолымен танысып, оның әдебиеттегі орны туралы мағлұмат алды. Кеште ақынның қызы да әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, оның бойындағы адамгершілік қасиеттері мен отбасындағы болмысы туралы әңгімеледі.


Дана Қаниева, Арман Қанидың қызы


Бүгінгі міне әкемнің еске алу кешіне келіп, әсерлі, керемет сезімде тұрмын. Бүгінгі шарамыз жоғары дәрежеде өтеді деген сенімдемін. Әкем туралы жылы лебіздер айтылып жатыр. Бұдан кейін де облыс көлемінде әкемнің аты өшпейтіндей шаралар өтеді деген сенімім мол. Мұнда жыл сайын Арман Қани оқулары өтеді. Екі жылда бір рет сонда қатысамыз. Сондай-ақ осындай жыл сайын әдеби кештер өтеді, міндетті түрде қатысуға тырысамыз.


Студенттер Арман Қанидың туындыларын мәнерлеп оқып, ақын жырларындағы өршіл рух пен терең ойды жеткізді. Еске алу кеші ақынның рухани мұрасын ұлықтап, оның шығармаларын жас ұрпаққа таныстыруға бағытталған тағылымды кездесу.


Сабина Жолдаспаева

Бөлісу