Негізгі Жаңалықтар Халықаралық стандартқа қадам

Халықаралық стандартқа қадам

Білім беру саласының өркендеуі жолында жоғары білікті ұстаздардың еңбегі ерекше. Осы бағытта Бейсен Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі оқытушылардың кәсіби әлеуетін арттыруға басымдық береді. Бүгінде колледжде жеті бірдей ұстаз «педагог-шебер» дәрежесіне ие. Осы игі үрдісті жалғастырып, тәжірибені шыңдау мақсатында білім ордасында кезекті тренинг өтті.


Аталған колледжде оқытушылардың үздіксіз кәсіби дамуына, сондай-ақ заманауи оқыту әдістерін меңгеруіне барынша жағдай жасалған. Сонымен қатар, колледж ұжымы халықаралық сапа талаптарына сай болуды және өз жетістіктерін мойындатуды басты назарда ұстайды. Жақында «APEC Training Center» ЖШС мамандарының қатысуымен педагогтерге арналған оқыту ұйымдастырылды. Оқытушылар курстық даярлықтан сәтті өтіп, City & Guilds халықаралық салалық аккредиттеу стандарты аясында нұсқаушы мәртебесін алу үшін біліктілік емтихандарын тапсырды. Ал бұл жолы арнайы кәсіби тренинг ұйымдастырылды.


Әсемгүл Әбішева, Б. Ахметов атындағы жоғары педагогикалық колледжі басшысының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары


Колледжіміздің аккредиттеуден сәтті өтуі және оқытушылардың City & Guilds халықаралық стандарты бойынша нұсқаушы мәртебесін алуы – бүкіл ұжымның біліктілігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Жеке өзім үшін бұл тәжірибе кәсіби тұрғыдан дамуға үлкен серпін берді. Жетекші халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтіп жатқан бүгінгі тренинг алған біліміміз бен дағдыларымызды бекітуге, жұмыс тәсілдерімізді әлемдік стандарттармен үйлестіруге және сапалы даярлық бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Тренинг оқытушылар мен білім беру бағдарламасын жетілдіруге арналды. Мұнда педагогтер студенттермен жұмыс істеудің тиімді әдістерін меңгерді. Олар теориямен шектелмей, алған жаңа білімді тәжірибе жүзінде қалай қолдануға болатынын сынап көрді.


Мұндай оқыту курстарының тек ұстаздарға емес, студенттерге де пайдасы зор. Аккредиттеудің келесі кезеңінде білім алушылар да арнайы дайындықтан өтіп, біліктілік арттырады. Бұл өз кезегінде жастардың халықаралық стандарттарға сай, әрі сертификатталған маман болуына жол ашады.


Жұлдыз Қабылденова

Бөлісу