«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватында ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Ондағы сан алуантаңғажайып дүниені зерттейтін, өз кәсібіне адал мамандар еңбек етеді. Толығырақ алдағы сюжетте.

 «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерватының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің қызметкерлері биоалуантүрліліктің табиғи процестерін зерттеу бойынша көптеген жұмыстар атқаруда. Қызыл кітапқа енген жабайы жануарларды, құстар мен өсімдіктердің түрлерін үнемі бақыланады. Мұнда келешегі зор қызметкерлердің бірі – жас маман Арман Жүнісов. Ол Шалдайдың тумасы, жоғары оқу орнын биология маманы ретінде аяқтап, туған жеріне оралған.

Арман Жүнісов, Ертіс орманы ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің зерттеу қызметкері:

Мені әрқашан табиғат пен орман сұлулығы қызықтырды. Өйткені мұндағы жан-жануарларды бақылау, өсімдіктермен жұмыс істеу өте қызықты. Сондай-ақ өлкеміздің флорасы мен фаунасын жан-жақты қарап, зерттедім

Жас маман Арман өз кәсібіне беріліп қана қоймай, үш жыл қызмет еткен уақыт ішінде Шалдайдың табиғи байлығын зерттеп, оны сақтауға өз үлесін қосып та үлгерді.

Арман Жүнісов, Ертіс орманы ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің зерттеу қызметкері:

Жұмыс істеген уақытымда бұрын мұнда кездеспеген өсімдіктің 10 түрін анықтап,сипаттама жасадық. Мұның өзі мен үшін үлкен жетістік болды, әрі Қызыл кітапқа енген жеті өсімдік түрін кездестірдік, сондай-ақ емдік қасиеті бар 81 түрлі өсімдік те бар.

 Мұндағы ауа-райының өзгеруі мен экологиялық қиындықтарды ескерсек, зерттеп-зерделеу жұмыстары терең білім мен шыдамдылықты талап ететіні анық.

Арман Жүнісов, Ертіс орманы ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің зерттеу қызметкері:

Біздің міндетіміз орман алқабының жағдайын тұрақты зерттеу. Мұнда сынақ алаңдары бар. Жер асты суларының деңгейін де ай сайын өлшеп отырамыз, 15 стационарлық құдық бар. Ол судың қаншалықты көтерілетінін анықтайды

Жас маманның жетекшісі Құрманбек Жүнісов, оның еңбегін жоғары бағалайды.

Құрманбек Жүнісов, Ертіс орманының ғылым, ақпарат және мониторник бөлімінің басшысы:

Арман ботаника саласындағы кіші ғылыми қызметкер ретінде өзін жақсы дәлелдей алды, берілген тапсырмаларды уақытында орындайды. Сондықтан оған сенім артып ғана қоймай, зор үміт күтеміз.

Орман жұмысы сан салалы. Жасыл желекті ормандардың тағдыры осындай азаматтарға сеніп тапсырылады.

Қымбат Садық, Валентина Леонова