Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында аймақтың қаржылық жоспары нақтыланады. Оған дейін тұрақты комиссияда бірнеше рет талқылаудан өтеді. 2026 жылға дейін облыс қазынасындағы қаржыны қандай бағыттарға жұмсау жоспарда бар? Тілшіміз баяндайды.

2024-2026 жылғы бюджетті жоспарлау үшін алдымен бұл мәселе салалық тұрақты комиссияларда талқыланады. Бұған дейін депутаттар экологияға қатысты жағдайды жан-жақты сарапқа салса, бұл жолы әлеуметтік мәселелер қаралды. Соның барысында комиссия мүшелері бірқатар басқарманың алдағы уақытқа белгіленген жоспарымен танысты.

Нағимаш Жүсіпова, облыстық мәслихат депутаты:

Бұл комиссияда әдейілеп 24-26 жылдарға бюджетті қарастыру мақсатында депутаттар жиналып отыр. Комиссияда білім бері, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау мәселелері қарастырылуда. Сол арқылы бюджетті қандай салаларға бағыттауға қарастырып жатырмыз.

Бюджетті сапалы орындау үшін жекеленген тұстармен жұмыс істеу керек. Басқарма өкілдері алдағы жоспарларымен бөліскен соң депутаттар өз сауалдарын жолдады. Денсаулық сақтау басқармасына 2024 жылға 7319,7 млн теңге бөліну жоспарда бар. 2025 жылға арналған лимиттері – 13 160,9 млн теңге, ал 2026 жылға 7 264,7 млн теңге. Бұл қаражатқа 102 нысанға жөндеу жүргізілмек. Сондай-ақ 73 нысан құрылысы мен қайта құру, жабдықтау, санитарлық көлікті сатып алу жоспарлануда. Мәдениет саласына келетін болсақ, мемлекеттік шығармашылық тапсырыс 2024 жылға 1 093.6 млн, 2025 жылға 1 139,1 млн, 2026 1 151,5 млн теңгені құрау ұсынылды. 2019-2022 жылдар аралығында 4 мәдениет нысаны салынып, 5 нысан қайта құру, 53 нысан күрделі жөндеуден өткен.

Медет Тауасқан, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту

және архив ісі басқармасының басшысы:

Жалпы басқарманың үш жылдық жоспарымен таныстырдық. 2023 жылы өткен шаралар мен күрделі жөндеулерге бөлінген қаражатты және біздегі ат спортының бағдарламасы мен балалардың бос уақытын қамтамасыз етуге бөлініп жатқан қаражат туралы қысқаша ақпарат беріп өттік. Бұл талқылану үстінде, бұл 2024 жылда өтетін мерейтойлық даталарымыз. Өздеріңіз білетіндей, Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығы, Ә. Марғұланның 120 жылдығы, Ж. Аймауытовтың 135 жылдығы, Ш. Аймановтың 110 жылдығы. Келесі жылы үлкен мерейтойлық даталарымыз бар. Тағысын тағы үлкен шараларымыз күтіп отыр.

Еңбек басқармасының 2024 жылға бюджеті 133 922 000 теңгені құрайды. 2025 жылға 140 911 000, 2026 жылға 142 681 000 теңге қарастыру қажет.

Әлеуметтік қорғау саласына да қомақты қаржы қарастырылмақ. Айталық, тұрғындарды жұмыспен қамтуға 12 407,7 млн теңге бағыттау көзделген. Сол сияқты әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға 4333,0 млн теңге бөлу жоспарда бар.

Илья Теренченко, облыстық мәслихат төрағасы:

Егер бұл мәселелер көтерілмесе, ертең халық оны депутаттардан сұрайды. Бюджетті қалай қабылдадыңыздар деген сауалдар туады. Бірақ түсіну керек жайт – бюджет шексіз емес. Сондықтан, мұнда кей мәселелерге басымдық беріледі. Маусымдыққа байланысты немесе мемлекеттік органның негіздемесі бойынша шешім қабылданады.

Сонымен қатар, мектепке дейінгі, орта, кәсіптік білім беруге бағытталған бюджет жоспары қаралды. 608 мекеме шығындары 2024 жылы 191,0 млдр теңгені құрайды. Олардың қатарында білім беру мекемелерін жөндеу, олардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту, үздіктерді ынталандыру сияқты бағыттар қамтылған.

Осылайша, тұрақты комиссия отырысында білім, денсаулық, мәдениет және еңбек пен әлеуметтік қорғауға бағытталған жұмыстарды қаржыландыру мәселесі қаралды. Бүгін айтылған ұсыныс-ескертулер енгізіліп, кейін мәселе облыстық мәслихаттың сессиясында қаралатын болды.

Жұлдыз Қабылденова