Майқайың шахтасында қаза тапқан құтқарушылардың отбасына материалдық көмек толық көлемде төленді. Бұған қоса, қосымша сақтандыру төлемдерін жасау туралы мәселе қаралып жатыр.
Қаза тапқан құтқарушылардың бірінің қызы әлеуметтік желіде көмектің жартысы төленді деп жазған болатын. Павлодар облысының әкімдігі жоққа шығарды. Айтуынша, қаза тапқан құтқарушылардың әр қайсысына 4,5 млн теңге материалдық көмек көрсетілген. Оның 2 миллионы «Майқайың-алтын» АҚ-нан берілсе, Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан 1 млн. 846 мың теңге төленген. Бұдан бөлек жерлеу рәсіміне 716 мыңнан астам қаражат аударылған.
ЖАНСЕРІК ҚАПЗОЛЛА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАС МАМАНЫ
Отбасыларға берілетін көмек тек осы төлемдермен ғана шектеліп қалмайды. Жергілікті атқарушы орган Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабынан қосымша сақтандыру төлемдері және «Майқайың-алтын» АҚ-нан ірі материалдық көмек көрсету туралы мәселені пысықтауда. Бұл төлемдер төленген сомадан бірнеше есеге көп. Төлемдердің нақты сомалары іздестіру жұмыстары аяқталғаннан кейін хабарланатын болады.
Жоғалған құтқарушылардың отбасына бұл төлемдер олардың денесі табылғаннан кейін немесе қайтыс болғаны расталған жағдайда төленеді. Сондай-ақ асыраушысынан айырылуна байланысты әлеуметтік жәрдемақы да берілмек.
Өзгеріс Қуанар