Облыс әкімдігінде инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Аймақ басшысы жауапты орган басшылары алдына бірқатар міндет қойды. Ал кейбір басшылар сөгіс арқалап қайтты. Толығырақ бейнематериалда.

Бүгінде өңірде 10 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 2,3 трлн теңгеден асатын 116 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Биыл импортты алмастыратын жаңа өнім түрлерін ашу мақсатында 38 жобаны іске қосылмақ.

Аталған жиында 60 бастаманы іске асыру барысы қаралды. Оның ішінде 40 жоба Аграрлық-өнеркәсіптік кешен, тағы 20 жоба - индустриялық-инновациялық даму саласына тиесілі. Асайын Байханов жауапты орган басшылар алдына басты міндеттерді қойды. Жеке инвестицияларды тарту және инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын мәселелерді шешуге басымдық қою керектігін айтты. Аймақ басшысы орындалу мерзімін қысқартып, ауыл шаруашылығы бағытындағы жобаларды сұрыптау керектігін алға тартты.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Біз өңір инвесторларына барынша қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Басқа облыстар да инвесторларды тарту бойынша қарқынды жұмыс жасайтынын естен шығармаған жөн. Бәсекелестікке дайын болуымыз қажет. Бұл ретте қызмет сапасын арттыру маңызды

Облыс әкімі мемлекеттік орган басшылары нәтижелер үшін жекелей жауапты болатынын ескертті. Осы ретте Ақсудағы инвестициялық жобалар бойынша жағдайдан хабарсыз болғаны үшін қала әкімінің орынбасары Ренат Тлявкаевқа және инвестициялық жобалардағы бақылаудың жоқтығы үшін ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а. Төлеген Көшербаевқа сөгіс жарияланды.

АСАЙЫН БАЙХАНОВ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Іске асырудың барлық мерзімдерін қысқартып, барлық келіссөзді жүргізіңіздер. Бізде артық уақыт жоқ. 2024-2025 жылдарға жоспарланған жобаларға басымдық беріңіздер. Мен атаған жобаларды мерзімінде аяқтаңыздар

Сондай-ақ әрбір басымдық берілген жоба бойынша инвесторлардың нақты міндеттерін шешу қажет, деді аймақ басшысы.

Ақмаржан Қалымбек