15 ақпан - Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Бұған 22 мыңнан астам қазақстандық қатысқан, оның ішінде 1200-ден астамы павлодарлықтар. Толығырақ алдағы материалда.
Талай боздақтың өмірін қиған сұрапыл Ауған соғысында ерлік көрсеткен батырлардың бары ақиқат. Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқандардың бірі жерлесіміз, Шарбақты ауданының тумасы Қайрат Жаңбырбайұлы. Ардагер майдан жылдарындағы оқиғаларымен бөлісіп, сонау жылдарды еске алды.
Қазақтың тарихында ерлігі мен есте қалып, аты аңызға айналған батыр қыздарымыз қаншама. Ауған соғысына нәзік жандылардың кейбіреуі тағайындау бойынша, басқалары өз еркімен барды. Ал дәрігерлер мен медбикелер кәсіби борышын сезініп, ауруханалар мен медициналық пункттерге жұмысқа барды. Людмила Королева Ауғанстандағы майдан шебіне мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін аттанған әйелдердің бірі.
Бүгінде ауған соғысының ардагерлері қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні қарсаңында интернационалист-жауынгерлерге жыл сайынғы бір жолғы 150 мың теңге және әскерлердің шығарылғанына 35 жыл толуына орай 100 мың теңге көлемінде бір жолғы жәрдемақы беріледі.
Қымбат Садық