Облыс тұрғындары 650 млн теңгеден астам көлік салығын төлемеген. Бұл берешек өткен жылдардан жиналып келген. Салықты уақытында төлемеу неге әкеледі? Келесі сюжетте.
Облыста көлік салығын төлемеген тұрғындар саны 10 мыңға жуықтады. Берешек сомасы да аз емес. Сол себепті, мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығының мамандары берешекті қалай өтеу керектігін түсіндірді.
Хабарламаны әр азамат электронды сандық қолтаңба арқылы салық төлеушілердің жеке кабинетіне кіріп, көре алады. Ал салық төленбеген жағдайда, бұйрық шығарылады да, жеке сот орындаушыларына жіберіледі. Жеке сот орындаушылар оны мәжбүрлі түрде өндіріп алады. Бұл ретте, салық төлеушілерге жеке сот орындаушыларының жұмысы үшін қосымша шығын пайда болатынын ескеру қажет. Сондықтан тиісті төлемді 1 сәуірге дейін жүргізген жөн. Салықты жеке тұлға дербес есептейді. Оны Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтында, «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасында, «Salyqbot» ботында немесе «1414» нөміріне қоңырау шалу арқылы білуге және оны өтеуге болады.