Өңірімізге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі іс сапармен келді. Алдымен ат басын облыс әкімдігіне бұрды. Онда өңір активімен кездесіп, бірқатар мәселерді талқылады.

Кездесуде Светлана Жақыпова Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларының іске асырылуы туралы сөз етіп, халықты жұмыспен қамтуды және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ететін әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық жүйелері туралы баяндады. Сондай-ақ, базалық зейнетақының кезең-кезеңімен ұлғаюы және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыстың артуы, Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде әлеуметтік қолдау шараларының күшеюі, Отбасының цифрлық картасын енгізу нәтижелері, ең төмен жалақыны айқындаудың жаңа әдістемесі, қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру туралы сөз қозғады.

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ

Әлеуметтік әділдік дегеніміз не? Мен оны еңбек адамын қорғау деп түсінемін. Еңбек адамының қауіпсіздігінен бастап, лайықты зейнетақысна дейін қамтамасыз етуіміз керек. Осылайша жастарды да еңбектің қадірін білуге үйретеміз

Сонымен қатар, Светлана Жақыпова мен Асайын Байханов халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту, өндірістік объектілердегі еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, ұлттық көші-қон саясатын іске асыру, әсіресе, жұмыс күші артық өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдау және олар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау мәселелерін талқылады.

Министр әлеуметтік-еңбек саласының цифрлық жүйелеріне баса назар аударды. Электрондық еңбек биржасының және отбасының цифрлық картасының мүмкіндіктерін көрсетті. Өңір активімен кездесу барысында Светлана Жақыпова әлеуметтік-еңбек саласындағы жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстарын айтты.

Жанасыл Серікбол