Павлодар қаласы №44 түзету мекемесінде жазасын өтеушілердің 9 млрд теңгеге жуық қарызы бар. Олардың басым бөлігі жұмыспен әрі әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етілген. Сол арқылы сот арыздары бойынша берешегін өз еңбектері арқылы өтеп жатыр.
Азамат Дәуітов – Ақтөбе қаласының тумасы. Ол жол-көлік оқиғасы үшін 2,5 жылға сотталып, жазасын Павлодар қаласындағы ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатыр. Сондай-ақ, 1,5 жыл шамасында металл конструкцияларын шығаратын кәсіпорында жұмыс жасап, 180 мың теңге жалақы алады. Осылайша, жалақысының жартысы арқылы қарызын да өтейді.
АЗАМАТ ДӘУІТОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ
7млн иск берілген соттың тағайындауы бойынша. Сол искімді өтеп жатырмын жұмыстың арқасында, 14 айдың ішінде жұмыс істеп, отбасыма ақша салып жатырмын. Жұмыс беріледі.
Азамат Дәуітов сияқты бірнеше жазасын өтеуші осы кәсіпорында еңбек етеді. Кәсіпорын басшысының айтуынша, 10 қызметкердің 8-і – сотталған азамат. Ағаттық жасап, темір тордың ар жағында жазасын өтеп жүргендер әр түрлі жұмысты атқарады. Тиісті білімі бар маман иелері дәнекерлеуші болып еңбек етеді. Олардың жұмысы таңғы 8-де басталып, кешкі 6-ға дейін жалғасады.
Түзету мекемесінің басшысы жазасын өтеушілердің берешегі 9 млрд теңгеге жуық екенін айтады. Сотталғандар жұмысқа орналасудың арқасында қарыздарын өтеп шығады. Бұл бас бостандығынан айырылған адамдарға қоғам өміріне қатысып, заңды міндеттерін орындауға мүмкіндік береді.
Мұндай тәжірибе ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде ғана іске асатынын атап өту керек. Себебі, мұнда адамдар абайсызда жасалған қылмыс үшін жазасын өтейді.
Жұлдыз Қабылденова