Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында эстрада жұлдыздары Тоқтар Серіковпен Бейбіт Сейдуалиева Малайсары ауылы тұрғындары үшін мерекелік концерт өткізді. Толығырақ тілші тарқатады.

Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құраған күні аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Тоқтар Серіковпен Бейбіт Сейдуалиеваның – есімдерін екіге жарып айтуға келмейді. Өнер өріне қос жұлдыздай қатар шыққан көпшіліктің сүйікті дуэті. Олардың ауыл тұрғындары үшін мерекелік ән шашуы тыңдарман құлақ құрышын қандырып, үлкен қуанышқа бөледі.

ТОҚТАР СЕРІКОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ

365 күннің қай күні болса да аналар мерекесі деп айтуға болады. Аналар мерекесі құтты болсын. Қыз-келіншектерді, ерке қарындастарды шын жүректен құттықтаймын! Ұзақ ғұмыр, жақсылық тілеймін. Көктемнің иісін шығарып келетін әдемі мереке ғой, сондықтан гүлдей жайнап жүруді баршаға нәсіп етсін.

Сахна жұлдыздары тыңдармандарына сағынышқа айналған ескі әндермен қоса, жаңа әндерін де шырқады.

БЕЙБІТ СЕЙДУАЛИЕВА, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ

Мына көктемнің алғашқы күндерінде нәзік жандылардың мерекесі. Барлық қазақ әйелдерін, ақ жаулықты әжелерді, аналарды келіп жеткен мерекемен құттықтаймыз. Қазақ айтады ғой : «Ана бір қолымен әлемді тербетсе, бір қолымен бесік тербетеді» деп. Бәрін тәрбиелейтін әйел заты сіздер аман болыңыздар. Көктемнің күніндей жарқырап, гүліндей жадырап жүре беріңіздер. Мереке құтты болсын.

Осылайша ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі ауыл жұртының көңілінен шығып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

ҚЫМБАТ САДЫҚ, ЕВГЕНИЙ ОЛЕЙНИК, ЕА, МАЙ АУДАНЫНАН