Павлодарлық оқушы халықаралық математикалық олимпиадаға қатысып, күміс жүлдеге ие болды. Оған әлемнің 54 елінен 200-ден астам оқушы қатысқан. Толығырақ алдағы сюжетте.

Қыздар арасындағы Еуропалық математикалық олимпиада алғаш рет 2012 жылы Ұлыбританияда өткен. Биыл байқау Грузияда ұйымдастырылды. оған Қазақстан құрамасынан 4 оқушы қатысты. Олардың қатарында Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы - Анастасия Одинцова да бар. Ол күміс жүлдені жеңіп алып, 200-ден астам қатысушылардың ең мықты 30 қатысушының ішіне енген.

АНАСТАСИЯ ОДИНЦОВА, ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №8 ЛИЦЕЙ-МЕКТЕБІНІҢ 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ

Менің мұғалімім Лилии Стадникованың еңбегі және лицейдің математикалық базасы болмаса мұндай жоғары жетістікке жетпес едім. Олимпиада өте қиын болды, бірақ өте қатты ұнады

Анастасия бұған дейін де бірқатар халықаралық математикалық олимпиадаларда жеңіске жеткен. Білімге деген құштарлығы мен еңбекқорлығы өз нәтижесін берді. Былтыр қараша айында ол Мәскеудегі олимпиадаға қатысып, жоғары оқу орынына тегін грант жеңіп алды. Бүгінде онымен ұстаздары мақтанады.

ЛИЛИЯ СТАДНИКОВА, ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН №8 ЛИЦЕЙ-МЕКТЕБІНІҢ МАТЕМАТИКА МҰҒАЛІМІ

Анастасия менен озып кетті деп айта аламын әрі мақтанамын. Оның жетістіктері мен үшін үлкен мәртебе. Біз мұғалімдер оқушылармен тығыз байланыстамыз, әрқашан қолдау білдіреміз. Оқушым Анастасияны белгілі бір деңгейге жеткізу менің мақсатым болды. Өте көп тапсырмаларды орындадық, түрлі талдаулар жүргіздік. Оның деңгейі жоғары, тіпті, математика мұғалімдерінің деңгейінен асып түседі деп ойлаймын

Айта кетейік, олимпиада тапсырмалары мектептегі математика курсына кірмейді. Сондықтан ол күнделікті сабақтан босатылып, мұғалім мен және жетекшімен күн сайын тыңғылықты дайындалған. Жас дарын алдағы уақытта да білімін жетілдіріп, жоғары жетістіктерді бағындырмақ.

Қымбат Садық