Жол қозғалысының жас инспекторлары арасында облыстық слёт өтті. Сайысқа қатысқан оқушылар жол қозғалысы ережелерін білу, жол-көлік оқиғасы кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін сақтау бойынша білімдері мен дағдыларын сарапқа салды.
Байқау облыстық білім басқармасы мен облыстық полиция департаменті арасындағы меморандум аясында ұйымдастырылды. Оқушылардың тапсырмаларды орындау шеберлігін құрамында тәртіп сақшылары бар қазылар алқасы бағалап, ережелердің жіті сақталуын бақылады.
Жібек Айтмұхамбетова, Павлодар облысы білім беру басқармасының балалардың құқықтарын қорғау және инклюзивті білім беру бөлімінің басшысы
«Байқау теориялық және практикалық тапсырмалардан құралған. Теориялық кезеңде балалар бізге жол қозғалысы ережелерін қаншалықты меңгергенін көрсетіп, ережелерді айтып қана қоймай, жол белгілерінің мағынасын да түсіндіреді. Ал практикалық бөлімде оқушылар әртүрлі жағдаяттар кезінде велосипед, самокат және өзге де көлік құралдарын жүргізу барысында осы ережелерді іс жүзінде қалай қолдана алатындарын паш етеді»
Сайысқа облыстың қала-аудандарынан 12 команда қатысты. Әр топ 7 оқушыдан жасақталып, жарыс алаңында 100-ге жуық бала жиналды.
Еркебұлан Ерболат, слёт қатысушысы
«Біздің командамыздың аты – «Жас инспекторлар. Біз бүгінгі сайысқа өте жақсы дайындалдық – жарты айдай болды дайындалғанымызға және де бүгінгі сайыста біз өз өнерімізді, қайраттылығымызды және білімімізді көрсетеміз.»
Жансая Дүйсенбаева, слёт қатысушысы
«Біз бүгін юный санитар, велосипедпен жүріп, регулировщикті көрсетеміз. Бірінші кезеңде агитбригаданы көрсетіп, соған жақсы дайындалып, орын алдық. Енді осында да орын алғымыз келеді.»
Облыстық байқауда топ жарған жеңімпаздар жаз соңында Қостанай қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.
Жұлдыз Қабылденова