Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Jastar Talk: Сахна сырлары» атты еркін форматтағы кездесу ұйымдастырылды. Кеш қонақтары Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлері Шұғыла Ешенова мен әнші Ернар Амандық болды. Жоба аясында жастар театр және кино әлемінің қыр-сырымен танысып, танымал әртістермен ашық пікір алмасты.
«Jastar Talk» жобасы биыл алғаш рет қолға алынған. Жобаның мақсаты жастарға түрлі салада жетістікке жеткен танымал тұлғаларды жақыннан таныстыру. Мұндай басқосулар жастар мен қоғамдағы белсенді әртістер арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Еркін форматта өткен басқосуда қонақтар өздерінің шығармашылық жолы, сахнадағы алғашқы қадамдары, актерлік мамандықтың ерекшеліктері мен театр және кино саласының қызықты сәттері туралы әңгімеледі. Кездесу барысында жастар сұрақтарын қойып, әртістермен ашық сұхбат құрды. Олар өнер жолындағы қиындықтар мен тәжірибелерімен бөлісті.
Шұғыла Ешенова, кино және театр әртісі
Мен өте қатты құладым спектакльде, сондай жағдай болды. Пол тайғақ болды. Өз қаламызда сахнаға үйреніп қаламыз, басқа сахнада ойнаған кезде қиын. Сол спектакль барысында қатты құлап, арқамды ауыртып аламын. Екі күн тұра алмай, ауруханаларды аралап жүрдік. Мысалы бүгін мен азанда бір ертегені ойнау керек едім. Кішкентай ханзаданы. Ол жақта менің рөлім өте активный билейтін, ән айтатын болу керек еді. Мен ойнай алмадым. Сосын менің әріптесімді сол рөлге салып жіберді, ол мысалы бір түннің ішінде дайындалу керек еді. Сол сияқты кейде осындай жағдай болады. Бір ай дайындалатын, кейде бір күн дайындалатын жағдайлар болып қалады. Бәрі қызықты болады, өйткені бұл үлкен стресс.
Кеш барысында әнші, театр әртісі Ернар Амандық жиналған көрермендерге өзінің әндерін орындап берді. Жастар өнер иесінің шығармашылығын ерекше ықыласпен қабылдап, бірге ән айтып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара соңында қатысушылар қонақтармен естелік суретке түсіп, қолтаңба алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Jastar Talk» жобасы алдағы уақытта да жалғасып, түрлі сала мамандарымен жастар арасында ашық диалог алаңына айналмақ.
Сабина Жолдаспаева